Теріскейге көшкен қазақстандықтардың несиесін 1 жылға шегеру керек. Сенатор Айгүл Қапбарова осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экономикалық ұтқырлық сертификатын қандастар мен қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғызуға бастапқы жарна ретінде пайдаланады. Алайда тұрғын үй алуға қаржылық көмек беретін осы сертификат қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты бірқатар өңірде көшіп келушілерге түгел берілмей отыр, – деді Қапбарова.
Қапбарова көші-қон саясатын тиімді жүргіз үшін төмендегі мәселерді шешуді ұсынды:
Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылар үшін яғни шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекет меншігіндегі пайдаланылмайтын жер учаскелерін беру мақсатында Жер кодексіне түзетулер енгізу туралы мәселені қарастыру;
Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылардың несиесіне 12 ай аралығына дейін кредиттік каникул беру;
Ел ішінде жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды қоныс аударуды ынталандыру мақсатында тиісті бейімдеу және интеграциялау орталықтарын құру.
Экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшерін қала мен елдімекендегі тұрғын үйлердің нарықтағы баға айырмашылығын ескере отырып белгілеу. Мысалы, Петропавл қаласында 2 бөлмелі пәтердің нарықтағы орташа бағасы – 12 млн теңгеден жоғары;
Сондай-ақ сертификаттарды беру мерзімін қоныс аударушылар квотасына енгізілген сәттен бастап 12 айға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру;
Шекара маңы, халық саны аз аумақтарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану мүмкіндігін қарастыру. Шекара маңы өңірлерінде еңбек өтілін есептеу коэффициентін жоғарылатуды енгізу мәселесін зерделеу керек. Бұл еңбекке қабілетті азаматтардың қосымша ағынын тартады.
Солтүстік өңірлерде жылыту маусымы 9 айға созылатындықтан қоныс аударушыларға отын мен көмірді сатып алуға жылына бір рет республикалық бюджеттен 35 АЕК (120 750 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) деңгейінде біржолғы төлемді қарастыру.
Өңірлерде жалға берілетін және коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерін келешегі жоқ деп танылған ауылдардың тұрғындарына, сондай-ақ баспана кезегінде тұрған азаматтарға беру туралы қағидаларға өзгерістер енгізу.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!