Солтүстік Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 3 тұрғын алаяқтардың арбауына түсіп, 9 млн теңгесін аударып жіберген деп хабарлады turkystan.kz.
СҚО прокуратурасы тұрғындарды алаяқтар «сіздің туысыңыз апатқа ұшырады» деп, «торына» түсіретінін айтады.
Бұл тәсіл негізінен егде жастағы адамдарды алдауға бағытталған, «банктерден қоңыраулар» сияқты мұнда да алаяқтар топ болып әрекет етеді.
Ведомствоның мәліметінше, өткен демалыс күндері өңірдің үш тұрғыны осындай схемамен 9 млн теңгеге алданып қалған.
Петропавлдың 67 жастағы тұрғынына белгісіз әйел қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған және қызының кінәсінен жол-көлік оқиғасы болып, адам зардап шеккенін хабарлаған. Содан кейін «жалған полицей» бұл мәселені шешіп, жылы жауып қою үшін жәбірленушіге 5 млн теңге төлеу қажеттігін айтқан.
Тұтқаның ар жағындағы бейтанысқа сенген қала тұрғыны 3 млн теңге соманы аударған. Тек кейін ол қызымен хабарласып, бәрі жақсы екендігін және оның ешқандай жол-көлік оқиғасына түспегенін біледі.
«Егер белгісіз адам қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырса және сіздің туысыңыз қиындыққа тап болғанын хабарласа, қандай да бір әрекет жасамас бұрын, телефонды қойып, өзіңіздің туысыңызбен байланысуға тырысыңыз. «102» немесе «49-39-49» телефон нөміріне қоңырау шалыңыз. Таныс емес адамдардан түскен қоңырауларға сенбеңіз. Алаяқтарға ақша мен парольдерді бермеңіз. Ақпаратты тексеріңіз. Ресми ұйымдарға қоңырау шалыңыз және мұндай қызметкерлердің шынымен жұмыс істейтінін тексеріңіз», – дейді прокуратура өкілдері.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!