Жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды реттеу күшейтіледі

НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда кредиттердің пайыздық ставкасы төмендетіліп, несие төлеуге шамасы жетпейтін азаматтарға кредит беру шектеледі. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттік президенттің тұтынушылық кредитті реттеу тапсырмасын орындау үшін бірқатар шараны жүзеге асырады.

«Банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер бойынша қосымша шектеулер енгізу қарастырылады. Нәтижесінде төлем жасау қабілеті жеткіліксіз қарыз алушыларға кредит беру шектеледі», – деді Әбілқасымова үкімет отырысында.

Сондай-ақ үкімет әзірлеп жатқан «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң жобасы аясында жеке тұлғалардың банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторларға берілген проблемалық берешекті реттеу жөнінде шаралар қабылданады.

Жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды реттеу күшейтіледі.

«Ол үшін ставкалардың шекті мәнін төмендету, сондай-ақ кредит бойынша сыйақының тиімді ставкасы есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу көзделіп отыр. Бұл жаңадан берілетін кредиттер бойынша халықтың борыш жүктемесінің өсуін шектейді», – деді агенттік төрағасы.

12 қаңтарда мәжілісте өткен жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың кредитті көп алып жатқанына назар аударды. Тұтынушылық кредиттердің мөлшері бизнесті кредиттеу көлемінен асып кеткен. Президент бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін екенін ескертті.

Осыған байланысты мемлекет басшысы шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциялық реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!