Энергетика министрі Болат Ақшолақов сұйытылған газ бағасына қойылған шектеу аяқталғаннан кейін баға қалай реттелетінін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетсек, қаңтар оқиғаларынан кейін президент газ бен жанар-жағармайдың бағасына шекті бағалар енгізуді тапсырған болатын. 180 күндік шектеу шарасы 1 шілдеде аяқталады. Мәселен, зауыттың өзінен газдың бір литрі 16 теңгеден сатылуы шарт.
Министрдің айтуынша, бұл – өте төмен баға. Себебі зауыттарда жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы жұмсалады.
«Өте төмен бағалар сақтала берсе, өндірісті көбейтуге ешқандай ынталандыру болмайды. Өйткені қазіргі бағалар газды шығаруға кететін шығыннан да төмен болып отыр», – деді Ақшолақов мәжілістегі үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, 180 күндік шектеу аяқталғаннан кейін газ айналымы бақылауға алынады. Оған қоса, заңнамаға қосымша өзгерістер енгізіледі.
«Энергетика министрлігі мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып, ішкі нарықта сатылатын сұйытылған газдың айналымын қадағалайды. Сондай-ақ, министрлік газ және газбен қамтамасыз ету туралы заңға өзгерістерді әзірлеп қойды. Бұл түзету бойынша Энергетика министрлігіне сұйытылған газдың бөлшек саудадағы шекті бағасын белгілеу құзыретін беру мәселесі қарастырылмақ. Тиісті түзетулер әзірленіп болған соң ҚР Парламент Мәжілісіне жолданады», – деді Болат Ақшолақов
Сондай-ақ министр 2025 жылға қарай отандық газ тапшылығы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22 орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орында. Табиғи газды кеңінен пайдалану мүмкіндігін ескере отырып, әлемдік экономикада оның маңызы зор. Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. 2017 жылдан бастап 2021 жылды қоса алғандағы кезеңде тұтыну 13,8-ден 18,6 млрд текше метрге дейін, яғни 4,8 млрд текше метр деңгейінде өсті. Газ тұтыну өсімі шамамен 35 пайызды немесе жыл сайын орта есеппен 7 пайызды құрады», – деді Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, газ саласын дамытудың негізгі тежеуіш факторы бағаны ұстап тұру саясатына байланысты.
«Осыған байланысты 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік болуы мүмкін», – деді министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!