Фото: neftegaz.ru

Таргет, трейдинг, фрилансерлік қызмет туралы мақалалар осыған дейін жарыққа шығып жүрді. Бұл салаларды байланыстыратын жалғыз дүние – табыс. Сол секілді бүгін қаржы табудың ұтымды жолы тендер туралы сөз қозғамақпыз.

Тендер – тауар сатып алудың тағы да бір әдісі. Оның жоғарыда атап өткен салалардан ерекшелігі – әлемдік дәрежеде танымал болуында. Жол салсақ та, дүкенге азық-түлік алсақ та, көшенің жарық шамдарын жөндесек те тендерге жүгіну қажет. Оның фрилансерге ұқсастығы бар. Яғни тендер жариялаушы және фрилансис – қызмет ұсынушы болады, ал тұтынушы өзі қалағанын таңдайды.

Қарапайым тілмен түсіндіре кетсек. Сіз көпқабатты үй салғыңыз келді делік, алайда ол үйді салу үшін құрылыс заттары қажет. Осы сәтте сіз тендер жариялайсыз. Арнайы құрылыс компаниялары сіздің тендеріңізді ұтып алу үшін бақ сынайтын болады. Бірі барлық өнім үшін 500 млн сұраса, екінші компания 470 млн-ды жеткілікті деуі мүмкін. Яғни, байқауды екінші компания ұтып, осы құрылыс компаниясы үйіңізді салу үшін қажет барлық өнімді сізге ұтымды бағада сатады. Осылайша сіз тендерлік қарым-қатынас құрасыз.

– Тендерде тәуекел сіз ойлағаннан аз. Иә, тендер көп қаражатпен байланысты. Десек те ол әртүрлі бола алады. Яғни, 5 мың, 50 мың, тіпті 5 млрд теңгелік тендер бар. Тәуекелдерді аз деуімнің себебі де – осы. Мәселен, тендер жарияланды делік, біз тауарды сатып алмаймыз, оны көтерме арзан бағада іздейміз. Оның жеткізу қызметі, бізге келетін кіріс көзі мен шығысын есептейміз. Бірақ ешқашан сұралған тауарды алдын-ала сатып алу әрекетін жасамаймыз. Біз көтерме бағадағы тауар егесімен келісімшартқа отырамыз. Мәселен, қаламсап керек. Оның бағасы 30 теңге, ал сізге 200 данасы қажет. Мемлекеттік сауда порталында тендер жарияланып, онда «біз 1 дана қаламсапты 70 теңгеге аламыз» деп тұруы мүмкін. Көтерме базардан 30 теңгеге аламыз да, үстіне 20 теңге қосып, өз пайдамызға құнын көтереміз. Десек те тендерді ұтпайынша тауарды сатып алмаймыз. Осы жоспармен тендерге қатысамыз, ұтылатын болсақ ешқандай да «минусқа» кірмейміз. Бұл жерде атап өтетін ерекшелік, басқалары сияқты алдын-ала кеңсе, тауар қоймасы, әлеуметтік желімен жұмыс істеп, тауарды таргетке салып қиналып жатпаймыз. Біз кіріс-шығысты дұрыс есептеу арқылы табыс таба береміз. Тұтынушы мен саудагердің өзіндік құқықтары заң аясында бірдей қорғалады. Ол 12 пункттан тұрады. Тауарды жеткізуші заң бойынша Мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық сипаттама бойынша сұраған затын тұтынушыға жеткізіп беруге міндеттеледі. Оған 15-20 күн уақыт беріледі. Ал егер осы уақыт аралығынан кешігетін болса, жеткізушіні қара тізімге енгізіп, ол 2 жыл көлемінде тендерге қатысу құқығынан айырылады. Заңға қатысты менде мәселелер туындаған кез болды. Тұтынушы мен жеткізіп беруші тарапынан қателіктер кетеді. Мәселен, қызметін ұсынушы тараптан техникалық сипаттама сәйкес болмай қалуы мүмкін, яғни тауарда ақау бар. Ол кезде біз техникалық сипаттамасына сәйкес тауарды алмастырып беруге міндеттіміз. Ал кейде мемлекеттік сатып алушы нарықта жоқ тауарды сұрап қалуы мүмкін, бұл жағдайда біз ортақ шешіммен келісімшартты бұзамыз. Ол екі жаққа да кесірін тигізбейді. Бұл жағдайға да қатысты менде мәселелер туындады. Алайда заң аясында барлық проблеманың шешімін таптым, – дейді тендер эксперті Нұрболат Рахымбердиев.

Тендер арқылы біз ең арзанын және ұтымдысын іздейміз, дегенмен оның сапасы бағасына сай кемшіліктерге толы болуы мүмкін. Сондай-ақ тендерден туындайтын мәселе тек бұл ғана емес. «Alageum Electrik» КТ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясовтың Тимур Балымбетовке берген сұхбатында тендерге қатысты әңгіме өрбіді.

Тендер қызмет, тауар, жұмыс болып бөлінеді. Егер тендерлік конкурс бойынша тауар алынатын болса, оның нақты сипаттамасын жобалау институты не болмаса тапсырыс берушінің өзі белгілейді. Ал тендерді ұтқан адам материалдың нарықтағы бағасына қарағанда арзан баға қойса, бұл парақорлық болып есептеледі. Өйткені, тендерді ұтқан адамнан тапсырыс беруші бір нәрсені «дәметуі» мүмкін. Ал қызметін ұсынушы адам тауардың сапасын төмендету арқылы парақорлыққа жол береді. Мұнан бөлек, құжаттармен туындайтын акт мәселелері жемқорлыққа әкеп соғуы ықтимал. Тапсырыс беруші тендерді ұтып алған адамды «бопсалау» арқылы астыртын әрекетке жол береді. Антикор мәліметтері бойынша, осы екінші әрекет арқылы жемқорлық іс-әрекеті көбірек орын алған.

2023 жылғы мәліметтер бойынша, тендердің қызмет, тауар, жұмыс бөлімдеріне қатысты жоспарлаудан бастап қабылдауға дейінгі барлық кезеңінде 2,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Олар бойынша 1,4 мың қадағалау актісі енгізілді. Бұл мемлекет кірісіне 10 миллиард теңге өндіріп алуға мүмкіндік берді.

Қазақстанда тендерлік қызметтермен айналысу үшін арнайы 3 басты портал бар, олар – goszakup.kz (әскери бөлімдер, мектеп, аурухана, және т.б. мекемелердің тендерлері жарияланады), zakup.sk.kz (Самрұқ Қазына ұлттық әл-ауқат қорының тендерлері және оған бағынатын компаниялар, олардың ішінде «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, «ҚазақТелеКом» АҚ, «ҚазАтомПром» АҚ және т.б ұлттық компания тендерлері жарияланады), reestr.nadlock.kz (мұнай өндіруші, мұнай өнімдерін экспорттаушы, жалпы елдегі мұнай компанияларының тендерлері жарияланады).

Тендерді арнайы тәжірибелі тендермен айналысып жүрген мамандардың курсына қатысу арқылы үйренуге болады. Десек те өз ісіңнің шебері болу үшін ерік-жігер мен ынтасыз ешқандай жетістік көгіне көтерілу мүмкін емес. Мұнан бөлек, тендердің заң аясындағы құқықтары мен міндеттемелерін жетік біліп, заңсыздықтардың орын алмауын басты назарда ұстау маңызды.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!