Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі өткен мәжіліс отырысында үкімет мүшелері, әкімдер мен депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жарияланатынын мәлімдеді. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі депутаттар мен саясаттанушылардың пікірін сұрап көрді. 

Депутат Жанарбек Әшімжан мемлекет басшысының бұл шешімін өте дұрыс деп есептейтінін айтты. 

“Ел-халық қиналып жатқанда шенді-шекпенділер өздерінің айлығын ұлғайтып, мемлекет қазынасын ысырап етуін өз басым қолдамаймын! Бұл квази секторларға да қатысты. Қоғамда бай мен кедейдің, тіпті орта тап өкілдері мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың аражігі тым алшақ. Керісінше, әлеуметтік сала өкілдерінің, нағыз қара жұмыс істеп жүрген мемқызметкерлердің айлығын өсіру керек”, – дейді депутат Жанарбек Әшімжан. 

Сондай-ақ депутат айлығының қанша екенін мәлімдеді. 

“Ешқандай құпиясы жоқ, 700 мың теңге”, – деді ол. 

Әріптесінің ойымен депутат Айдос Сарым да келісетінін айтты. Алайда жалақысының мөлшерін нақтыламады. 

“Қолдаймын. Дұрыс шешім деп санаймын. Біздің жалақымыз есептейтін белгілі бір дәліз бар. Ол еңбек өтіліне, ғылыми дәрежемізге байланысты болады. 500-800 мың теңгенің арасында аламыз”, – дейді депутат. 

Саясаттанушылар да президент шешіміне пікір білдірді. Талғат Қалиевтің айтуынша, депуттаттардың, министрлердің, әкімдердің жалақылары әзір де төмен емес. 

“Ол шешімді қолдаймын. Шенділер шынында да жалақыларының көтерілуін қаласа экономиканы дамытуы керек. Шетелдік компанияларда  бонус деген бар. Егер жылды жақсы  аяқтаса, өзіне сеніп тапсырылған салада керемет нәтиже көрсетсе бонус ретінде біраз миллион төлесе де болады. Ал керісінше, тиісті нәтижеге қол жеткізбесе бәріне құр қалады, өз обалы өзіне. Менің ойымша, бірінші қарапайым құқық қорғау қызметкерлерінің, өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру керек. Шенеуніктер одан кейінгі орында”, –  дейді саясаттанушы. 

Ал саясаттанушы Расул Жұмалы шенділер жалақысының уақыт өткен сайын көтеріліп отыруы қоғамда наразылық дау тудырады дейді. Ол шенділердің маңызды мамандықтар мен кәсіп иесі өкілдерінен жалақылары көп алмауы тиіс деген пікірде. 

“Әрине құптарлық. Онсыз да олардың жалақысы аз емес. Айналып келгенде, халық пен биліктің жақындығы, теңдігі тұрғысынан дұрыс шешім болды деп ойлаймын.Сонымен қатар, бүгінгі өткен жиналыста президент әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы бұған дейін де өсіріліп жатқаны туралы айтты. Сол себепті бес жылдық мерзімге олардың жалақысын көбейтуді доғара тұру керек. Шындығында шенділердің мұғалімдер мен дәрігерлерден, құқық қорғаушылардан еңбекақыларының көп болуы дұрыс емес. Сондықтан, қай жағынан алғанда да бұл қисынды әңгіме деп санаймын. Жоғарыда тұрған привилегиялық бір топ емес, олар қоғамның, халықтың қызметшілері. Сол себепті құптарлық, қоғамның шешімінен шығатын ой деп санаймын”, – дейді ол. 

Сондай-ақ политолог Қазақстандағы соңғы жағдайлар туралы пікір білдірді. Оның ойынша, мәселенің шешімі – ескі кадрлардың орнынан алу. 

“Менің ойымша, соңғы жағдайлар қайталанбас үшін ескі кадрларды орнынан босату керек. Ескі кадрлармен бұл мәселені шешу негізгіз. Қазақстанның дамуына үлесін қоса білетін жаңа ұлтшыл, мемлекетшіл азаматтарды іске араластыру керек. Халықтың күтіп отырғаны сол. Сөзбен емес, іспен шешетін уақыт келді. Парламент, саяси партиялар, тәуелсіз кәсіподақтар, тәуелсіз баспасөз, әділ сот сияқты мәселелер бұған дейін бізде формальды түрде болды. Бірақ іс жүзінде қимылдауы керек.  Яғни азаматтардың шағымдары мен наразылықтары болатын болса алаң, айқай емес заңды жолмен шешуге мүмкіндіктер қарастырылуы тиіс. Қай елде болсын наразылық пен мәселе бар. Газ қай елде қымбаттамай жатыр? Бірақ олардың арты бүлікке апаймайды ғой. Дамыған демократиялы мемлекеттерде осындай мәселерді шешетін тетіктер бар”, – дейді саясаттанушы. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!