Бұл ақпаратқа қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері түсініктеме берді.

Қазақстандықтар 20 жылдан аса еңбек өтілі бар азаматтардың зейнетақысы бірден 30 пайызға көтеретіні туралы ақпарат ала бастады. Ресейлік порталдарда қазақстандықтардың зейнетақысы көтерілетіні туралы жалған ақпарат тарады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл ақпаратқа қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері түсініктеме берді.

Earth Daily News порталы еңбек кітапшаларының иелеріне зейнетақыны қайта есептеп, оны 50 пайызға көтеруге уәде берген. Сонымен қатар, Moika78 басылымы ай сайынғы төлемдерді 30 пайызға көтеруге лайық азаматтардың тағы бір санаты бар екенін хабарлады.

Сілтеме қазақстандық сайттарда жарнама ретінде пайда болған, бірақ Желі қолданушылары материалда қазақстандықтарды «қазақтар» деп сипаттаған. Ал бұл отандық БАҚ-қа тән емес.

Интернет-алаяқтар Ресей азаматтарына төленетін зейнетақы төлемдерінің өсімі туралы ақпаратты өзгерткені белгілі болды. «Московский комсомолец» басылымының мәліметінше, 2022 жылғы 1 қарашадан бастап 80 жасқа толған және Қиыр Солтүстікте белгілі бір еңбек өтіліне жеткен ресейліктерге, сондай-ақ, еңбек қызметін тоқтатқандарға зейнетақыға қосымша ақы мөлшері қайта есептелген.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң баспасөз хатшысы Сәкен Дiлдахметтiң айтуынша, көптеген сайт мұндай ақпаратты қаралым жинау үшiн әдейi таратады.

«Көптеген сайтта мұндай баннерлер орналастырылған, онда негізінен белгілі тұлғалар туралы «Сары баспасөзге» арналған ақпарат немесе жалақыға, шындыққа жанаспайтын жоғары табыс алуға қатысты кейбір жалған ақпарат жарияланады. Қолданушылар жалған ақпаратқа ауысып, фактчекинг жүргізбейді. Өкінішке қарай, адамдар ақпаратты тексермейді», – деп түсіндірді ол.

Баспасөз хатшысы қазақстандықтарды интернеттен ақпаратты тексеріп, мемлекеттік органдардың сайттарындағы, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардағы және жаңалықтар басылымдарындағы ресми ақпаратқа сенуді сұрады.

«Жалған ақпаратты, әрине, тексеру керек. Бірақ 20 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар қазақстандықтардың зейнетақыны бірден 30 пайызға өсіретіні – бұл, әрине, сенімсіз ақпарат. Мұндай күдікті хабарламаларды тексеру үшін адамдар ресми ресурстарға хабарласуы керек», – деп түсіндірді ол.

Министрліктің баспасөз қызметі өкілдері 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әрбір алушыға оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріле отырып, жеке тағайындалатынын еске салды. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіне 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақтастығы жүйесінде жұмыс істеген еңбек өтілі, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер кіреді.

«Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болса, сондай-ақ, ол болмаған жағдайда базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына тең болса (2023 жылы 34 мың теңге – еск.), онда жыл сайын 10 жылдан аса оның мөлшері 2 пайызға өседі. Мысалы, қатысу өтілі 20 жыл болғанда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 80 пайыз болады. 30 және одан да көп жыл өтілі кезінде ол ең жоғары мөлшерде – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызында белгіленеді», – делінген хабарламада.

Министрліктің баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметінше, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым жүйелі және толық көлемде төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткендегі базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым көп болады. Өз кезегінде, жасына қарай зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай қажет – еск.) және зейнеткерлікке шыққанға дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты.

sn kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!