Қазақстанда мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 37 пайызға ұлғайтылады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғайтылады. Іс-шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады», – деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады.Сондай-ақ, ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)», – деп түсіндірді Ерлан Әукенов.

Сондай-ақ, вице-министр мүгедек балалардың баспана кезегі кәмелетке толғаннан кейін де сақталатынын мәлімдеді.

«Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. Әлі күнге дейін мүгедек балалары бар отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады», – деді

Айта кетсек, бұған дейін егер бала 18 жасқа толғанша тұрғын үй алмаса, онда ересек мүгедектігі бар адам ретінде кезекке қайта тұруға мәжбүр болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!