Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Азық-түлік қымбаттап, баға шарықтаған уақытта мұның аса қажет қадам екені сөзсіз.
– 6,5 миллионнан астам қазақстандық – жалдамалы жұмысшылар. Олардың жалғыз кірісі – жалақылары. Соңғы 10 жылда еңбекақы қоры кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалғанын көруге болады. Осы орайда бизнесмендерді қол астындағы қызметкерлердің жалақысын көтеруге шақырамыз. Ал Үкімет мұндай іскер жандарға сатып алуларда жеңілдік қарастырып, мемлекеттік қолдауда басымдық беретін болады, – деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.
3 жыл бойы өзгеріссіз сақталған 42 500 теңгенің 60 мыңға өсуі, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға сеп болады. Енді ол ел экономикасына қандай елеулі өзгеріс әкелетіні жайында сарапшы мамандардан сұраған едік.
– Президентіміз Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Бұл – жақсы жаңалық. Өткен жылы Төтенше жағдай жарияланғанда, азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшері есебінен 42500 теңге берілген еді. Осы тұста экономистер Мемлекет Басшысына елдегі төменгі жалақыны 60 мың теңгеге көтеру қажетін айтқан болатын. Бірақ бұл ұсыныс 2020 жылғы есеппен айтылған болатын. Мысалы, биыл инфляция 7,1 пайыз болды. Осыны ескерсек, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мыңнан жоғары болуға тиіс. Төтенше жағдай кезінде халыққа 42500 теңгеден берілген тұста Америкада әрбір азаматқа 1200 доллардан төленді. Осы жерде көпшілік Америкамен біздің елді салыстыру ақылға сыймайды деуі мүмкін. Бірақ бұл негізсіз. Себебі, Америкада жан басына шаққандағы ішкі өнім 65 мың долларды құрайды. Ал біздің елде бұл көрсеткіш 10 мың долларға жетпейді. Байқағаныңыздай, екі ел арасындағы айырмашылық алты есе жоғары. Сол 65 мың долларды 6-ға бөлсек, жеткілікті. Неге олай десеңіз, әрбір американдық азамат еңбек өнімділігіне қарай, жан басына шаққандағы ішкі өнім есебінен төлем алды. Осы есеппен салыстырар болсақ, біздің елдің азаматтары 200 доллар көлемінде көмек алуы тиіс еді. Алысқа бармай-ақ көршілес Ресейде де ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге көлемінде. Жалпы әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы мөлшерін бекітерде, елдегі орташа жалақының жартысына бөліп есептейді. Мысалы біздегі орташа жалақы 250 мың теңге болса, ал орташа меридиандық жалақы 150 мың теңге. Оның 50 пайызын алар болсақ, 75 мың теңге еліміздегі ең төменгі жалақы болуға тиіс. Бұл көрсеткіш биылға есептелген, ал келесі жылы бұл көрсеткіш тағы да өсуі керек. Ал халықтың табысын бірден арттыру оңай емес. Бұл бюджетке салмақ түсіретіні анық. Менің ойымша, мұндай қадамды бізге ертерек жасау керек еді. Өйткені бюджеттің тапшылығы онсыз да болған. Енді оны жою үшін мемлекет шығындарын оңтайландыру керек, – дейді экономист сарапшы Мақсат Халық.
Экономист Сапарбай Жұбаев бұл мәселені шешу үшін ауқатты тұрғындарға салықты 20 пайызға көтеру керегін айтты.
– Салықты Еуропа елдеріндегідей 30-35 пайызға көтеру керек деп айтпаймын. Мәселе дәулетті адамдарға, олигархтарға, депутаттарға байланысты. Мысалы, 2 млн теңгеден жоғары алатындарға 20 пайыз, ал 500 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін алатындарға 15 пайыз салықты өсіру керек. Сонда бюджетке салмақ түспейді, әрі басқа бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болады, – деді сарапшы.
Президентіміз Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру арқылы 1 миллионнан астам қазақстандыққа әсер ететінін мәлімдеген болатын. Негізінде жеке мекемелердің көпшілігі жұмысшыларға 42500 төлемейді. Салықты аз төлеу үшін жалақының қалған бөлігін қолма-қол табыстайтыны белгілі. Яғни көлеңкелі экономика елде қалыптасты. Осы процесті тежеу мақсатында Президентіміз 60 мың теңге жалақыны бекітті. Экономист мамандар болжағандай, егер де ең төменгі жалақы 75 мың теңге болатын болса, көлеңкелі экономиканы түбегейлі жоюға болады. Бұдан бөлек, Президентіміз Жолдауда 2025 жылға дейін 600 мың қызметкердің еңбекақысы 20 пайызға артатынын мәлімдеді.
– Бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары жалақы көтеруден тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», – деді Президент.
Бірақ Жолдауда Мемлекет Басшысы еңбекақысы жоғарылайтын мамандықтардың толық тізімін жария етпеді. Салдарынан, енді қазақстандықтар өздерінің «600 мың отандас» қатарына кірген-кірмегенін білмей, дал болуда. Мысалы, қазіргі кезде мектеп автобустарының жүргізушілері ең төменгі жалақы деңгейінде ғана мардымсыз еңбекақы алады. Олар осы қатарға кірген бе, оны уақыт көрсетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!