Фото: Ernur.kz

Елімізде қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртуға бағытталған реформалар тиімді іске асырылып келеді. Осыны басымдыққа алған ел үкіметі 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылдады.

Аталған құжат азаматтардың қарыздық жүктемесін азайту мен өнімді экономикалық қызметке оралуды мақсат етеді. Мұнан бөлек, әлеуметтік шиеленісті жеңілдетіп, қарыздарды төлеуді ынталандыруды көздейді. Халықаралық тәжірибеге сай, аталған заң азаматтардың банкроттықты қолдану рәсімдерін 3 түрлі бағыт бойынша жүзеге асырады. Олар – соттан тыс банкроттық; сот банкроттығы; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі.

Соттан тыс банкроттық негізінен екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы берешектерге қолданылады. Өтініш «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы немесе «E-gov» веб-порталы арқылы жолданады. Ал өтініштерді қарап, тиісті шешім қабылдау жергілікті кірістер басқармасына жүктелген. Оның шарттары мынадай: Борышкердің берешегінің шекті сомасы – 1 600 АЕК. 12 айдан артық өтелмеген болуы маңызды. Жылжымайтын мүлік, жер және көлік құралдары сынды мемлекеттік тіркеуге жататын мүліктері болмауы қажет. Банкпен, микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжатының болуы талап етіледі. Ескеретін жәйт, егер борышкер алты ай ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде тіркелген болса да, арыз беруге толық құқылы. Банкроттық рәсімін қолданған жағдайда банк пен микроқаржы ұйымдарынан 5 жыл қарыз алуға тыйым салынады. 7 жылдан соң қайта банкроттықты жариялауға мүмкіндік бар. 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау жүзеге асырылады.

2023 жылдың қорытындысымен жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы бойынша Қызылорда қаласында барлығы – 3310 өтініш түскен; 

•​439 жеке тұлғаның өтініші қабылданып «банкрот» статусы берілген;

•​2689 жеке тұлғаның өтініші қанағаттандырылудан бас тартылған;

•​122 жеке тұлғалардың өтініштері алдын ала қабылданып, қазіргі таңда 6 ай қаржылық мониторинг сатысында;

•​60  өтініш өндірістен қысқартылған;


Сондай-ақ, 2024 жылы жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы бойынша қазіргі таңда:

•​ барлығы – 645 өтініш түскен; 

•​344  жеке тұлғаның өтініші қанағаттандырылудан бас тартылған;

•​230 жеке тұлғалардың өтініштері алдын ала қабылданып, қазіргі таңда 6 ай қаржылық мониторинг сатысында;

•​67 өтініш қаралу барысында;

•​4 өтініш өндірістен қысқартылған.


Заңнаманың екінші бағыты – сот банкроттығы. Бұл қызмет сотпен қарастырылады. Және кредиторлар алдындағы қарыздың барлық түрі бойынша қолданылады. Маңыздысы, сот банкроттығы барысында борышкердің мүлкі сауда-саттыққа жолданады. Сондай-ақ жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болса, кредитор оны толығымен алып қоюға құқылы.

Сот банкроттығында қаржы басқарушысы тағайындалады және оның қызметіне ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен іске асырылады. Банкроттықты жүргізу мерзімі – 6 ай. Бірақ рәсімді жүргізу кезінде шетелге шығуға тыйым салынады.

 Келесі бағыт -төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бүл да сотпен қарастырылады. Ал қарыздың мөлшері тиесілі мүліктің құнынан аспауы тиіс. Төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің артық тұсы – «Банкрот» мәртебесі берілмейді. 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Шетелге шығу, несие алу шектелмеген. Жоспарды әзірлеу кезінде қаржы басқарушысының көмегіне жүгінуге рұқсат етіледі.

Айта кетейік, өтініш беруде асығыстық танытып, құжатқа олқылық танытқан жағдайда кері қайтарылады. Қайта өтініш беру 3 айдан кейін ғана мүмкін. Сондықтан, талапқа сай жүгініп, заңнамаға немқұрайлы қарамауға шақырамыз.

Қызылорда қаласы бойынша 

Мемлекеттік кірістер басқармасының

Берешекпен жұмыс бөлімінің басшысыА.Айтмағанбетов 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!