Бүгінде зейнетақы қорынан жасқа байланысты алуға болатын қаржының жеткілікті шегінің өзгерісі қызу талқылануда. Оның себебі де жоқ емес. Жақында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жеткілікті шектің мөлшері 64-83 процентке дейін өсетінін мәлімдеген болатын. Бұл жаңалықтан соң үй алуды армандап, зейнетақы қорындағы қаржыға үміт артқан талай отбасыға оңайға соқпады. Мұның өзі қоғамдағы жастың мақсат-мүдде, ұмтылысының аяқ-алысына әсер етері анық.

Қалай десек те, кенеттен шектік мөлшерді 1,8 есеге өсуі – қоғам күтпеген өзгеріс. Елде баспана мәселесі өршіп тұрған шақта аталған шешімнің қабылдануы қиынға соққаны жасырын емес. Себебі зейнетақы қорындағы жиналған қаржының артығын пайдалану арқылы баспанаға қол жеткізуді мақсат еткен азаматтардың қатары мол-тұғын. Шектік мөлшерден асатын қаржысы бар 700 мыңнан астам қазақстандық мүмкіндікті пайдалану құқығына ие болды. Тіпті биылғы қазан айына дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры артылған ақшасына баспана мәселесін шешуге ниетті 470 мың адамның өтінішін қараған. Нәтижесінде, қордан азаматтардың өтінішіне сай ипотекалық алғашқы жарнаны толықтыруға 246,1 млрд теңге, үйді ипотекамен алуға 262,1 млрд теңге, ал ипотека үшін берешекті толық және жартылай өтеу үшін 56,3 млрд теңге бөлініпті. Сонымен қатар 53 821 адам зейнетақы қорындағы шектік мөлшерден асқан қаржыны емделуге жұмсауға өтініш білдірген. Қордан дертіне дауа іздегендердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында емдеу мекемелерінің есепшотына 49,1 миллиард теңге аударылған екен.

Енді, міне, келер жылдан бастап мұндай өтініш саны мен мүмкіндік айтарлықтай азаймақ. Себебі 2022 жылдан бастапең төменгі жеткілікті шек өзгеріске ұшырайды. Егер 2021 жылы 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болады. Әдістемеге сәйкес ең төменгі жеткілікті шек мөлшері әрбір жасқа жеке есептеледі және болашақта зейнетақы төлемі мен зейнетақы жарнасының өсетіні (индекстелуі) де ескерілмек. Мамандардың пікірінше,  мұндай өзгеріске «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіш әсер ететін болады.

Мұндай өзгеріске Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әлеуметтік желіде мынадай хабарлама жасады.

«2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан (атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылы қазіргі 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін өседі) 2022 жылға ең төменгі жеткілікті шек мөлшері де көбейтілді», – делінген хабарламада.

Сарапшылар аталған ақпарат әлеуметтік желіге тараған сәттен бастаманың негізгі ережелерінің өзгеру себебі, күтілетін нәтиже турасында ой-пікірмен бөлісті. Соның бірі – халықаралық EXANTE инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев.

Маманның пікірінше, жеткілікті шек мөлшерін ұлғайту бастамасы мақсатты әлеуметтік топтың аяққа тұруына кедергі келтіріп, қарапайым халықтың баспана мәселесінің шешілуін күрделендіруі мүмкін.

«Шыны керек, соңына дейін келер жылдан бастап, жеткілікті шек мөлшерін 1,8 есеге көтеруді жай ғана қателік деп ойладық. Бірақ өкінішке қарай бәрі дұрыс болып шықты. Ең қызығы, бұл бас­тама халықтың талқысына салынбады. Алдын ала ешқандай дерегі айтылмады. Қазір де жауапты мекемелер тарапынан бұл жайында нақты түсіндіру жұмыстары жүргі­зілген жоқ. Бұл Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қоры мен елдегі зейнетақы жүйесіндегі коммуни­кациялық саясаттың олқылығын көрсетіп берді.

Сайып келгенде, бағдарлама байларды байыта түспек. 2021 жылғы жеткілікті шек мөлшеріне сай зейнетақы қорындағы артық ақшаны салымшылардың 7 пайызы ала алатын болса, енді бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін кемиді. Аза­маттарда бұған дейін артық ақшасы бар салымшылардың қатарына кіруге аз да болса үміт бар еді. Енді оларда бағдарламадан үміт үзуден басқа амал жоқ», – дейді ол.

Әлеуметтік желіде шектік мөлшерге қатысты ақпарат тез тарап, қоғам белсенділері тарапынан да талқы тудырды. Мәселен, қаржыгер Дана Жарлығапованың айтуынша, салымшылардың көпшілігі алғашқы күндері банктердегі ипотекаларын белсенді түрде төлеп, ипотекасыз және ипотекамен баспана сатып ала бастаған көрінеді.

«Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы көптеген жаңа құрылыстарға Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (КЖК) кепілдігін күтуге тура келді, лимиттермен және параметрлермен нюанстар болды, 2021 жылдың көктемінде кепілдіктер алынды, игерудің бұл толқыны да өтті. Барлығы бағдарламаны тоқтатқанға дейін үлгеруге тырысты. Бұл адамдардың адал жолмен тапқан ақшасы БЖЗҚ-ның ортақ қаражаты емес, бұл әрбір салымшының жеке ақшасы.

Менің ойымша, көбінесе осындай жеткіліктілік шегінің күрт көтерілуінен өз баспанасы жоқ және ағымдағы жеткіліктілік шегінен тыс 1-2 миллион теңге жинақтаған, тұрғын үйді жалға алатын адамдар зардап шекті. Көбісі жалға алған баспанаға емес, өз баспанасы үшін айына 150 мың теңге төлеуге, ипотекамен болса да өзінің алғашқы баспанасын сатып алуды жоспарлады. Олар «Отбасы банктегі» депозитке жеткіліктілік шегінен тыс соманы аудару және одан әрі тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесінің қатысушысы болу – тағы бір-екі жыл қазып, тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге мерзімінен бұрын пайдалану қағидаларына толықтыруды күтті. Жеткіліктілік шегін екі миллион теңгеге арттыру оларды мұндай мүмкіндіктен айырады», – дейді Жарлығапова.

 P.S. Мүмкіндік көзіне айналған бастаманың өзгеруі баспанасыз жүрген қаншама жастың күдігін молайтты. Бірі ертерек жеткілікті шектен артылған қаржыны алуды ойласа, енді бірі бұл басаманың нәтиже береріне сенімсіздік танытуда. Не де болса, келер жылы тағы бір жастар мәселесі қылаң беретін секілді…

Берен Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!