2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы енгізіледі. Яғни, кәсіпкерлер бұдан былай қызметкерлері үшін өз есебінен 5 пайыз мөлшерінде қосымша зейнетақы жарнасын төлеуі тиіс. Бұл ереже кезең-кезеңімен жүзеге асады. Еңбек министрлігі бұл болашақ зейнеткерлердің зейнетақы табысын арттыруға септігін тигізеді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек министрлігі зейнетақы жарналарына байланысты жаңа ережелерді бекітті. Оған сәйкес ай сайынғы он пайыздық жарнадан бөлек жұмыс беруші қызметкерлері үшін өз есебінен қосымша төлем жасауы тиіс. Ол келесі жылдан бастап 1 жарым пайызға өсіп отырады. Бұл болашақ зейнеткерлердің зейнетақысын арттыруға бағытталған қадам дейді министрлік өкілдері.
“Жұмыс берушіге жүктемені азайту үшін бір жарым пайыз ставкадан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңмен енгізілу көздеп отыр. Яғни 24 жылы 1 жарым пайыз ставкалық проценттік мөлшерде болса зейнетақы жарналары, 25 жылы 2,5 пайыз ставкамен болады. Яғни, бір пайыздан қосылып отырады. Нәтижесінде 28 жылдан бастап жұмыс беруші төлеуі тиіс міндетті зейнетақы жарнасы 5 пайызды құрайды”, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы Бибігүл Игенова.
Қызылордалық Гүлжан Қуаңбаева келесі жылдан бастап жұмысшылары үшін төлейтін қосымша зейнетақы жарнасына қарсы шыққан кәсіпкерлерді бірі. Айтуынша, бұл бизнесмендердің қалтасына салмақ түсіреді. Өйткені табысымыз шикізат сатып алудан, жұмысшыларға еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер төлеуден артылмайды дейді.
“Қазіргі уақытта енді кәсібімді ұлғайтсам ба деп ойлап жүргенмін. Мына жаңалықтан кейін енді қалай болады екенін білмеймін. Ойланып отырмыз. Тіпті енді бұл жағдайда жеңіл өнеркәсіптегі шағын кәсіпкерлер жабылып қалуы да мүмкін. Өйткені оны қалтамыз көтермейді”, – дейді кәсіпкер Гүлжан Қуаңбаева.
Ал экономист Бекнұр Досжан еңбек министрлігі бекіткен ережемен келіспейтінін айтады. Өйткені бұл жағдайда кәсіпкерлер өз қамын ойлап, жұмысшылардың еңбекақысын қысқартуға дейін барады дейді. Ең соңында, жалақының отыз пайызына жуығын әлеуметтік төлемдерге жұмсайтын жұмысшылар табыссыз қалады. Оның соңы әлеуметтік наразылыққа әкелуі мүмкін дейді.
“Көлеңкелі экономика құрылуы мүмкін. Кәсіпкерлерге бұл өйткені пайдасыз. Соның арқасында двойная бухгалтерия деген болады. Сол кезде көбі табыстарын көрсетпей, ең төменгі 70 мың теңге ме? Сол 70 мың теңгені көрсетіп, тек сондай зарплата төлеп, ал қалған бөлігін қолма-қол беруге көшіп кетеді”, – деді ол.
Экономист зейнетақы жарнасы он пайыздан аспау тиіс. Әлеуметтік төлемдердің көлемін өсіре бергеннен пайда жоқ дейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!