Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтар мемлекеттен 6 айға дейін соңғы алған жалақысының 40 пайызын көмек ретінде ала алады.
Бұл қаражат жұмыссыз қалғандарды келесі жұмысқа орналасқанға дейін қолдауға арналған, деп хабарлайды Экспресс К.
Жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Мәліметке сүйенсек, мұндай төлем қызметкер жоғалтқан табыстың 40 пайызына дейінгі мөлшерде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Егер алда-жалда жұмыстан айырылып қалсаңыз, онда осы төлемді алу үшін әрекет келесідей болады:
- Алдымен eGov.kz порталында тіркелу керек;
- Мұнан кейін «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметін таңдайсыз;
- Онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтырасыз және ЭЦҚ-мен қол қою арқылы өтінімді жібересіз;
- Бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі — ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса 3 күн ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін өтініш берушімен ХЖҚО қызметкері хабарласады).
Бұл қызметті онлайн режимде электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады. Осылайша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер ала алады.
Азамат жұмыссыз ретінде тіркелген соң еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі МӘСҚ-нан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Бұдан әрі төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеп жүрген кезеңде оны қолдауға арналған.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмысынан айырылуына байланысты 51,4 мың адамға дәл осындай әлеуметтік төлем берілген. Тіпті биыл мұндай көмекті жоғарыдағы азаматтардың 43,4 мыңы алғаш рет алып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!