Біріккен риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко еліміздегі баспана бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің ойымша, қазіргі жағдайда қайталама тұрғын үй нарығында бағаның төмендеуі үшін алғышарттар бар. Екіншіден, дәл қазір баспана алатындар түрлі нұсқаларды қарастыруы керек. Пәтер сататындармен саудаласуға мән берген жөн. Тұрғын үйлерді салатындардан тікелей баспана алу нұсқаларын да іздестіріп, келісімшарт бойынша келіссөздер жүргізу керек», – деді Н.Лукьяненко ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.
Сарапшының пайымынша, бұл саладағы мәселелерге сыртқы факторлар да әсер етеді.
«Тұрғын үй нарығында бағаның арзандауына сыртқы әрі ішкі жағдайлар ықпал етеді. Яғни валюта бағамына, қолданыстағы ипотекалық жобаларға, құрылыс секторын қолдау деңгейіне қатысты, сондай-ақ нарыққа тиімді шешімдерді енгізу жолымен сатып алушыларды қолдау қадамдарына байланысты болады. Бұл тұрғыда баспана алатындарға бөліп төлеу мүмкіндігін ұсыну, қарыз алу бойынша тиімді бағдарламалар және басқа да бағыттар болуы керек», – деп түсіндірді Нина Лукьяненко.
Бұдан бұрын хабарланғандай, баспана нарығында мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің саны азайды.
«Соңғы бірнеше айда, яғни 2022 жылдың сәуірінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жеткіліктілік шегінің көлемі артқаннан бері нарықтағы шарттардың жалпы саны айтарлықтай төмендеді», – деді Н. Лукьяненко.
Оның айтуынша, бір айдағы келісімшарттардың жалпы саны 30-31мыңға дейін қысқарды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!