Фото: Нұрболат Нұржаубай

KAZINFORM — Ғылымды коммерцияландыру аясында 27 жоба бойынша өнімдер шетелге сатылып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті мәлім етті.

— Қазіргі кезде Ғылым қоры тарапынан 412 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді, оның 268-і іске асыру сатысында. Жобалар бойынша көрсеткіштер гранттық бағдарламаның тиімділігін көрсетті. Қазір 27 жоба бойынша өз өнімдерін шетелге сатып жатыр, ал 6 жоба 1 млрд теңгеден асатын сауда көлеміне қол жеткізді, — делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Жобалардың ғылыми-техникалық дамуға қосқан жалпы үлесі 126 млрд теңге болды. Бұл сома төрт негізгі құрамдас бөліктен тұрады:

1) 53,7 млрд теңге сатылым көлемі;

2) 24 млрд теңге тартылған жеке қосалқы қаржыландыру көлемі;

3) 11,5 млрд теңге бюджетке төленген салық көлемі;

4) 36,7 млрд теңге ғылыми құрал-жабдықтарға жаратылған инвестиция көлемі.

— Бұл жетістік ғылымды коммерцияландыруға салынған инвестициялардың тек технологиялық дамуға ғана емес, сонымен бірге ел үшін айтарлықтай экономикалық табыс әкелетінін растайды, — деп нақтылады министрлік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!