Мен химияның қаншалықты маңызды екенін күн сайын сезінемін. Күнделікті өмірде азық-түлік, киім, косметика немесе тұрмыстық химия заттары болсын біз үнемі химиялық элементтермен және қосылыстармен жұмыс істейміз.

Кез келген зат химиялық элементтерден тұрады. Мысалы су молекуласын алсам, оның формуласы – H2O. Бұл екі сутегі және бір оттегі атомынан құралғанын көрсетеді. Біз күнде көретін элементтердің барлығы периодтық кестеде орналасқан және әрқайсысының өзіне тән қасиеттері бар. Осы элементтер комбинациялары біздің өміріміздің барлық саласында кездеседі.

Мен тағамның құрамын білуге қызығамын. Мысалы, ас тұзы – NaCl. Ол натрий мен хлор элементтерінен тұрады. Ал қанттың формуласы – C12H22O11. Оның құрамында көміртек, сутек және оттегі бар екенін білдіреді. Ағзамыздың дұрыс жұмыс істеуі үшін осы элементтерден құралған қоректік заттардың маңызы зор екенін байқауға болады. Қарапайым тұрмыстың өзінде, ас үйде нан пісірген кезде де химияның куәсі боламын. Қамырдың пісу барысында «Майяр» реакциясы жүреді. Бұл реакция көмірсулар мен аминқышқылдарының әрекеттесуі арқылы нанның беткі қабығын қытырлақ әрі дәмді етеді. Бұл – жай ғана тағам әзірлеу емес, нағыз химиялық процесс.

Күнделікті қолданатын косметикалық өнімдеріміздің де химиялық құрамы бар екені белгілі. Сусабын, крем немесе парфюмнің құрамындағы әрбір компонент шашымыз бен терімізге әсер етеді. Кейде синтетикалық заттарға аллергия болатынын да ескеремін, сондықтан өнімнің құрамын мұқият оқуға тырысамын.

Үй тазалығында қолданатын жуу құралдарының құрамында да химия маңызды рөл атқарады. Бұл заттардың құрамындағы беттік- белсенді заттар мен ферменттер ластануды кетіруге көмектеседі. Дегенмен, оларды орнымен қолдану керегін түсінемін. Себебі шамадан тыс пайдалану экологияға зиян тигізуі мүмкін.

Химия менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Мен қолданатын әрбір заттың құрамын біліп, оның қасиеттерін түсіну арқылы өзіме және қоршаған ортаға пайдалы шешімдер қабылдай аламын. Химия тек ғылыми пән емес, ол күнделікті өмірімде маған дұрыс таңдау жасауға көмектесетін құрал деп білемін.

Арайлым ҚАЛЫБАЙ,
қалалық қосымша білім беру
оқу-әдістемелік орталығының
химия пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!