Жуырда Kyzylorda Hub алаңында ұстаздарға арналған AI Bootcamp ұйымдастырылды. Төрт күнге созылған қарқынды оқыту бағдарламасы педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Bootcamp барысында қатысушылар жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде тиімді қолданудың практикалық жолдарын меңгерді. Өңірлік хаб мамандары сабақ жоспарын, қысқа мерзімді жоспар мен оқу сценарийлерін автоматты түрде құрастыруды, әртүрлі деңгейге сай тапсырма мен тест дайындау тәсілдерін көрсетті. Қатысушылар мұнымен қоса сабаққа арналған визуалды материалдарды, яғни сурет, презентация құрылымы мен инфографикаларды ЖИ көмегімен жасауды үйренді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту форматы бүгінгі білім беру талаптарына сай келеді.
− Қазір мұғалімге тек өз пәнін білу жеткіліксіз. Сабақты ұсынуың, материалды жеткізуің маңызды. AI Bootcampарқылы педагогтерге жұмыс барысында күнделікті қолдануға ыңғайлы, тиімді құралдарды таныстырдық. Бұл уақытты үнемдеуге де, сабақтың сапасын арттыруға да көмектеседі, −деді Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының менеджері Салтанат Сейтжан.
Іс-шара барысында қатысушылардың бірімен сөйлесіп, ойын білдік.
− Бұрын сабаққа дайындалғанда тақырыпты қағазға жазып, әр кезеңді жеке ойлайтынмын. Мұнда бізге сабақ жоспарын картаға түсіруді, тапсырмаларды деңгей бойынша бөліп, визуалды түрде көрсету жолдарын көрсетті. Ең қызығы, қысқа видеоларды өзіміз жасап, монтаж жұмысы жайлы да біршама ақпарат алдық. Бұл балалар үшін өте қызықты әрі түсінікті болады деп ойлаймын, − дейді ұстаздардың бірі.
Төрт күндік тренинг тәжірибеге негізделген форматта өтіп, қатысушылар заманауи цифрлық құралдарды күнделікті оқу процесінде тиімді қолдануды үйренді ал ұйымдастырушылар мұндай бағдарламалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Камилла САҒЫНДЫҚОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!