5G технологиясын енгізу өте қымбатқа түседі. 4G-ді енгізумен салыстырғанда кем дегенде екі есе қымбат болмақ.

Технологияны енгізу өте қымбатқа түседі. Әлем ұялы байланыстың жаңа буыны – 5G-ден үлкен үміт күтіп отыр. Жаңа технологияның кідірісі аз, жылдамдығы жақсы көрінеді. Өткізу қабілеті де жоғары. Соған қарамастан кемшілігі де жетерлік. Finprom.kz соның бір парасына тоқталған екен, деп жазады inbusiness.kz. 

Біріншіден, 5G технологиясын енгізу өте қымбатқа түседі. 4G-ді енгізумен салыстырғанда кем дегенде екі есе қымбат болмақ. Bloomberg-тің мәліметіне қарағанда, америкалық операторлардың 5G технологиясының радио толқындарына жұмсаған сомасы 118,4 млрд долларды құраған. Ал 4G үшін 61,8 млрд доллар шығындаған еді. Қажетті инфрақұрылым да бірнеше есе қымбат екен.

Екіншіден, бизнес үшін бұған қаржы салу орынды, болмаса орынсыз деген мәселе де ашық тұр. 5G енгізуді тек ұялы байланыс операторлары ғана қамтамасыз ете алады. Мемлекеттің мұндай қадамға бармасы анық. Салынған инвестиция өзін-өзі ақтамаса, жеке сектор үшін мұның пайдасы шамалы. Мәселен, АҚШ-тың үш ірі операторы 5G эфиріне және желіні жаңартуға 100 млрд доллар жұмсаған. Бірақ олар бұдан ешқандай пайда көрмеді. Ол аздай технология пайда болыпты-ау деп елең еткен жан баласы жоқ.

Үшіншіден, әлемдік операторлардың орасан зор қаржылық үлесіне қарамастан, тұтынушылар анау айтқандай айырмашылықты көрмей отыр. Deloitte-дің Ирландияда 5G енгізу туралы есебінде 4G, 4G+ және Wi-Fi қосылыстары қазіргі уақытта тұтынушылардың қажеттіліктері үшін жеткілікті екені айтылған.

2021 жылы Deloitte сауалдамасына қатысқандардың 54 пайызы 4G мен 5G арасындағы айырмашылық жоқтығын айтқан. Яғни тұтынушының 5G-ге тез арада көшуін ынталандыратын қосымша артықшылықтары жоқ. Deloitte сауалдамасына қатысқан тұтынушылар смартфонды таңдау кезінде батареяның қызмет ету мерзімі, сақтау сыйымдылығы, камераның функционалдығы мен сапасы секілді маңызды функцияларға назар аударған. 5G-ді қолдану маңызды функциялардың тізімінде 10-орында тұр. Мұндай жағдайда қарапайым пайдаланушыға 5G тиімсіз. Мұндай жобаны техникалық тұрғыдан іске асыру үшін қыруар қаржы керек. Ал салынған қаржы қалайда өтелуге тиіс.

Демек, 5G-дің енгізілуімен байланыс операторлары тарифтерді күрт қымбаттатуы мүмкін. Сонымен қатар айырмашылықты сезіну үшін тұрғындар смартфондарын ауыстыруға мәжбүр болады. Өйткені көптеген пайдаланушының құрылғысы 5G-ді көтермейді. Қалт-құлт етіп отырған қазақстандықтар 5G үшін смартфон ауыстырмасы анық. Қазақстанда қолданыстағы 4G инфрақұрылымына сүйенген мобильді интернеттің жылдамдығы өсіп келеді. Бір жыл ішінде көрсеткіш бірден 38,3 пайызға – 2021 жылғы наурыздағы 13,53 Мбит/с-тан 2022 жылғы наурызда 18,71 Мбит/с-қа дейін ұлғайды.

Қазақстанда жылдамдығы жоғары мобильді интернет абоненттерінің саны да жылдам көбеюде. 2022 жылғы наурызда елімізде жоғары жылдамдықты кең жолақты қолжетімділікке ие 17 млн-ға жуық абоненттің бары белгілі болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға жоғары. Сондықтан қазір қазақстандықтарға ынта-зейінді 5G-ге ауыстырғаннан гөрі 4G-дің жаппай тұрақты жұмыс істеуіне қол жеткізу маңыздырақ. Бәлкім, 5G-дің артықшылықтары бизнес үшін маңызды шығар. Өйткені кідірістің аздығы мен көп құрылғыларды қолдау технологиялық тұрғыдан тиімді. Мысалы, бұл күрделі тау-кен жабдығын қашықтан басқару үшін қажет.

Сонымен бірге объектідегі мыңдаған датчиктерден көрсеткіштерді алу және өндірістің жалпы көрінісін бағалау үшін де маңызды. Алайда бұл тұрғыдан алғанда да біздің кәсіпорындар мұндай жаңашылдыққа дайын емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, цифрлық технологияларды пайдаланатын өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 2021 жылы небәрі 9,9 пайызды құраған. Сондықтан әрбір оныншы компанияға сенім артып, сұранысы өте күмәнді технологияны енгізу мүмкін емес.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!