Кyzylorda Hub орталығында төрт күндік «AI BOOTCAMP» жасанды интеллект меңгеру курсы өтуде. Бұл іс-шара жастардың жасанды интеллект технологияларын меңгеруіне және оны қолдану арқылы жұмыстың өнімділігін арттыруға бағытталған.Курсқа медиа саласының қызметкерлері мен мұғалімдер қатысуда.

Курсты спикер Жанарыс Тубекбаев жасанды интеллект жайлы жалпы түсінік берумен бастады. Ол қатысушыларды Grok, Deepseek, Open AI, ChatGPT, Yandex, Gemini сияқты танымал виртуалды көмекші модельдерімен таныстырды.

Қатысушылар мақала жазудан бастап, ғылыми зерттеу жүргізу, промпттар құрастыру, сабақ жоспарын дайындау, тіпті 2D ойындар мен вебсайт құруға дейінгі әдістерді тәжірибе жүзінде меңгерді. Жанарыс Тубекбаев бұл процестердің тиімді болуы үшін қандай факторларды ескеру керегін де атап өтті.

Gemini арқылы видео жасау және кескіндерді генерациялау мүмкіндіктері көрсетілді. Мектеп оқушыларын оқытуда ЖИ-ды қолдану, веб-сайт құру сияқты әдістер де қарастырылды. Мұғалімдер үшін ерекше қызықты болғаны – ЖИ арқылы оқушыларға арналған викториналық ойындар, карточкалар дайындау және оқу материалдарын әзірлеу мүмкіндіктері.

Курс барысында қатысушылар Google AI Studio платформасымен танысып, оның жаңа функцияларын, соның ішінде «Nanabanana» мүмкіндігін зерттеді. Оған қоса жарнамаға дауыс жазу үшін EllevenLabs коммерциялық дыбыстаудың қолданылуы да көрсетілді, бұл медиа саласының қызметкерлерін қызықтырды. Ол арқылы журналистер тәжірибеде жаңалықтарға дубляж жасады.

− «AI BOOTCAMP – бұл  бес күндік воркшоп. Қаланың барлық тұрғынына арналған. Бұл жақта біз жасанды сананы меңгеріп, оның түрлі саладағы қолданысын зерттейміз. Оның ішінде негізгі генеративті жасанды құралдары, интеграция, әлеуметтік желілермен жұмыс істеу, бейнеконтент даярлау, ақпаратты талдау, деректермен жұмыс істеу секілді қабілеттер үйретіледі. Қатысу тегін. Осы мақсатта біз 6 шара ұйымдастырдық. Ал жыл бойы 15 жиын өтті, – деді Ж.Тубекбаев.

«AI BOOTCAMP» курсы жастардың жасанды интеллект әлеміне тереңірек енуіне, оның әлеуетін толық түсінуіне және күнделікті өмірде, кәсіби қызметте тиімді қолдануына үлкен серпін берді. Жастар үшін бұл шара жаңа білім көзі болса, ұстаздар үшін  оқыту әдістемесін жетілдірудің, журналистер үшін шығармашылықты кеңейтудің таптырмас мүмкіндігіне айналды. Бұл курс жасанды интеллектіні меңгеруге деген талпынысты нығайтып, Қызылорда өңіріндегі педагогика мен медиа саласының цифрлық дамуына елеулі үлес қосары анық.

М.МАЙБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!