Кейінгі жылдары өңірімізде IT саласы жаңа серпін алып, стартап мәдениеті қарқынды дамып келеді. Әсіресе цифрлық технологияларға қызығушылық танытқан жастар үшін бұл бағыт үлкен мүмкіндіктердің алаңына айналды. Бүгінде жас кәсіпкерлерге қолайлы жүйе қалыптасып, түрлі бағдарлама мен қолдау тетіктері іске қосылуда. Бұл өз кезегінде тың идеялардың жүзеге асуына жол ашып отыр.
Мұндай ауқымды жұмыстың да нәтижесі бар. Мысалы жуырда Шымкент қаласында өткен «Digital Qazaqstan» халықаралық форумында қызылордалық жастардың жобалары жоғары бағаланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Тубекбаев баяндады.
– Халықаралық деңгейдегі жетістіктеріміз кездейсоқ емес. Қызылордалық стартаптардың «Digital Qazaqstan Battle» ұлттық стартап-батлында жоғары нәтиже көрсетуі өңірде жүйелі түрде жүргізіліп жатқан IT-білім беру мен стартаптарды қолдау жұмыстарының айқын жемісі. Әсіресе CortexAI жобасының II орын алып, 5 миллион теңге көлемінде инвестиция тартуы біз үшін үлкен жетістік. Еліміздің түкпіртүкпірінен жиналған 18 мықты команданың ішінде оқ бойы озық шыққан бұл жоба трансплантология саласына арналған. Аталған стартап жасанды интеллект көмегімен бүйрек трансплантациясынан кейінгі ағзаның қабылданбау қаупін 84% дәлдікпен болжай алады. Бұрын бірнеше сағатты қажет ететін күрделі талдау процесі небәрі 33 секундқа дейін қысқартылған. Бұл – отандық медицинаның цифрлық трансформациясына қосылған маңызды үлес, – деді Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Тубекбаев.
Баспасөз конференциясына қатысқан Нұрбек Әбілдаев пен Нұрбол Оңалбеков БАҚ өкілдеріне PhishGuard жобасын таныстырды. Олар халықаралық форумда дәл осы жобаны таныстырып, алғашқы пайдаланушыларын да тапқан.
– Бүгінде интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттер мен фишингтік шабуылдар жиіледі. Осы мәселені шешу мақсатында біз PhishGuard жобасын әзірледік. Жоба LLM API және жасанды интеллект алгоритмдері арқылы күмәнді сайттарды анықтап, қолданушыға нақты уақыт режимінде ескерту береді. Бұл қарапайым пайдаланушылар үшін де, бизнес құрылымдар үшін де маңызды құрал, – деді PhishGuard жобасының жетекшісі Нұрбек Әбілдаев.
А.ДАРХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!