Қызылорда қаласында AMANAT IDEATHON − әлеуметтік маңызы бар инновациялық идеяларға арналған хакатон өтеді. Ауқымды іс-шара «Amanat» партиясының қолдауымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Kyzylorda Hub ұйымдастыруымен, сондай-ақ Shik жарнамалық агенттігінің демеушілігімен жүзеге асады.

Идеатонның басты мақсаты − мектеп оқушылары мен студенттердің қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларын қолдау, олардың идеяларын нақты жобаларға айналдыруға жағдай жасау және жас буынның инновациялық әлеуетін дамыту. Қатысушылар өз идеяларын ұсынып қана қоймай, оны практикалық шешім ретінде дамытуға мүмкіндік алады.

Хакатон аясында қатысушылар келесі бағыттар бойынша жобаларын ұсына алады:

PropTech & CityTech (Тұрғын үй және қалалық орта) − тұрғын үй басқару жүйесінің ашықтығын арттыру, энергия тиімділігін дамыту және «ақылды» қалалық шешімдер енгізу.

MedTech (Цифрлық денсаулық сақтау) − медициналық тәуекелдерді болжау, пациенттердің жағдайын қашықтан бақылау және денсаулық сақтау саласын цифрландыруға арналған сервистер.

LegalTech (Қолжетімді юриспруденция) − құқықтық көмекті қолжетімді ету, бюрократиялық кедергілерді азайту және азаматтарға арналған смарт-сервистер әзірлеу.

EdTech (Инклюзивті білім беру) − ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған оқу шешімдері, сондай-ақ цифрлық кәсіптік бағдарлау платформаларын құру.

Community Tech (Атаулы әлеуметтік көмек) − еріктілер мен көмекке мұқтаж адамдарды байланыстыратын платформалар, қайырымдылықтың ашықтығын қамтамасыз ететін цифрлық құралдар.

Жобалар алдын ала іріктеуден өту үшін арнайы тіркелу формасы арқылы қабылданады. Қатысушылар өз идеяларын тіркеп, хакатонның финалдық кезеңіне жолдама алады.

Хакатонның финалдық кезеңі 17 сәуір күні сағат 14:00-де Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында (Ы. Жахаев к-сі 11) өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар өз жобаларын сарапшылар алқасының алдында таныстырып, кері байланыс алады.

Жеңімпаздар үшін арнайы мүмкіндіктер қарастырылған:
−  1 000 000 теңге көлемінде жүлде қоры аясында жобаны кәсіби деңгейде жүзеге асыру мүмкіндігі;
− мектеп оқушылары мен колледж түлектері үшін жоғары оқу орнының білім грантын жеңіп алу мүмкіндігі.

AMANAT IDEATHON — бұл тек байқау емес, бұл әлеуметтік өзгерістерге бағытталған нақты қадам. Жоба жастардың бастамаларын қолдап, олардың идеяларын нақты шешімге айналдыруға мүмкіндік береді.

Толық ақпарат және жобаны тіркеу үшін: https://kyzylordahub.kz/amanat-ideathon/

Байланыс үшін: 8 776 885 2000 −  Салтанат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!