Сыр өңірінде ұйымдастырылған «Болашақ біздің қолы­мызда» тақырыбындағы облыстық IT жобалар хакатоны жастарға үлкен мүмкіндік сыйлады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұйымдастырылған «Smart city Kyzylorda» концепциясы бірнеше ауқымды тақырыптағы үздік жобаларды қамтыған. Олардың қатарында Жұлдыз Абушееваның «BigMPC» мобильді қосымшасы бар.

Шара жастардың инновациялық жобалар мен ақпараттық технологияларға қызығушылығын арттыруды, әрі стартап жобаларды дамытуға бағытталды. «Әзірлеу» (Development), «Моделдеу» және «Медиа және білім беру» бағыттары бойынша өткізілген хакатон жаңашыл жастардың тың бастамаларына толы болды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистранты Жұлдыз Абушееваның хакатонға ұсынған жобасы мектеп оқушылары үшін қызықты тақырыптармен берілген. Білім ордасында диссертациялық еңбегін жазып жүрген ізденімпаз жас тақырыпқа сай қосымшаның жобасын әзірлеген. Бүгінде ол білім алумен қатар Тасбөгет орталығындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында информатика пәнінен сабақ беруде.
− Оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге қызығушылығын арттыру мақсатында жарыс түрінде жүргізілетін жаңа жобаны қолға алғым келді. Қазіргі таңда «Мектептегі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша информатика пәнінен цифрлық білім беру ресурстарын қолдану арқылы интерактивті тапсырмалар әзірлеу әдістемесі» тақырыбында диссертация жазып жатырмын. Осы еңбектің негізінде қосымша дайындаймын деп шештім. Бастапқыда ҰБТ-ға дайындық ретінде тест тапсыратын платформа құрастырғым келді. Бірақ тест тапсыру оқушылар үшін таптаурынды тақырып екені рас. Сондықтан бұл форматты ауыстырып, оқушылар бір-бірімен жарысып, логикалық сауалдарға жауап берсе қалай болады деп ойладым. Нәтижесінде мобильді қосымша дүниеге келді. Қосымшаның атауы «Biology Informatics Geography Mathematics Physics Chemistry» сөздерінің қысқартылған нұсқасы бойынша таңдалды, − дейді Жұлдыз.
«BigMPC» мобильді қосымшасында оқушылардың білім деңгейіне қарай дәреже беріледі. Тіпті, ол жерде Youtube желісіне салынған әр түрлі пәндік сабақтың да сілтемесі көрсетіліп тұрады.
− Мобильді қосымшаны жасау идеясы ұялы телефонға жазу арқылы білімді тексеруге арналған «Dauletten»-нің «Aqyl Battle» ойынынан туындады. Өйткені, оқушылар осы ойынға қатты қызығатын. Сол ойынның форматын кеңейтіп, мектеп оқушыларына лайықталған нұсқада дайындадым. Қосымшаға оқушылар почта немесе телефон нөмерін енгізу арқылы кіре алады. Тіпті, мұнда топ құрып, бірнеше адам бір-біріне бәсекелес бола алады. Қосымшада мұғалімдер дайындаған онлайн курстар мен бейнесабақтар, дайындық сұрақтары да қамтылған. «BigMPC»-тің толық құрылымын қысқы мезгілге дейін бітіруге тырысудамын. Ал әзірге бастапқы нұсқасын жетілдірудемін. Бірнеше айдан соң Play market қосымшасына жобаның бірінші нұсқасын саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл әзірге Android құрылғыларына ғана қолжетімді. Ал iPhone құрылғыларына арналған нұсқасын дайындауға арнайы бағдарламашы мамандардың көмегі қажет, − дейді еңбекқор жас.
Тағы бір қуантарлығы, аймақта осыған дейін бірнеше мәрте өткізілген IT жобалар хакатоны алдағы уақытта да ұйымдастырылады. Бұл жөнінде «Бизнес-старт» кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбай келесідей пікір білдірді.
− Биыл «SMART CITY HACKATHON» IT жобалар байқауы төртінші мәрте өткізілуде. Студенттер мен оқушыларға арналған 12 жүлделі орынмен қоса басқа да қатысушыларға демеушілер есебінен арнайы сыйлықтар табысталды. Дәстүрлі түрде өтетін хакатон сайысы жастар арасындағы бәсеке мен білімділікті шыңдай түсеріне сенімдімін. Жастардың осындай шараларға қызығып, қатысқандары қуантады. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Айдың соңына дейін «PECHAKUCHA», ал жыл соңына дейін «Innofest» байқауын өткізетін боламыз, ̶ дейді ол.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!