27 наурыз күні Қызылорда қаласында еліміздегі ең ауқымды технологиялық хакатон − Decentrathon 5.0 жобасының өңірлік ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Kyzylorda Hub базасында ұйымдастырылып, өңірдің IT-қауымдастығы, жас әзірлеушілер, стартаперлер, AI-инженерлер мен web3 бағытындағы энтузиастар қатысты.
Decentrathon 5.0 − Astana Hub және Blockchain & AI Technology Center (BAITC) ұйымдастыруымен, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан еліміздегі ең ірі технологиялық хакатон. Биыл жоба алғаш рет жаңартылған форматта өтіп, географиясын кеңейтіп, Қазақстанның 20 қаласын қамтылды. Бұл өз кезегінде өңірлік IT-экожүйелерді дамытуға, жергілікті таланттарды анықтауға және технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуге жаңа серпін береді.
Қызылордадағы өңірлік кезеңге 125 қатысушы тіркеліп, командаларға бірігіп, хакатонның негізгі бағыттары бойынша нақты кейстермен жұмыс істеуді бастады. Қатысушыларға бизнес пен мемлекеттік сектордың өзекті мәселелеріне негізделген тапсырмалар ұсынылып, оларды қысқа мерзім ішінде инновациялық әрі қолданбалы шешімдерге айналдыру міндеті қойылды.
Ашылу салтанаты барысында қатысушыларға хакатонның ережелері мен талаптары толық таныстырылып, менторлармен және сарапшылармен жұмыс істеу мүмкіндіктері ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушыларға жобаларды дамыту, MVP құру, өнімді нарыққа бейімдеу және тиімді презентация жасау бойынша негізгі бағыттар түсіндірілді. Қазіргі таңда командалар 10 күнге созылатын қарқынды әзірлеу кезеңіне кірісіп, өз идеяларын нақты өнімдерге айналдыру үстінде.
Айта кету керек, Decentrathon 5.0 жобасы алғаш рет ұлттық Digital Qazaqstan форумымен интеграцияланып отыр. Бұл қатысушыларға өз жобаларын кең аудитория алдында таныстыруға, инвесторлар мен саланың жетекші сарапшыларынан кері байланыс алуға, сондай-ақ болашақ серіктестік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Аталған интеграция хакатонның практикалық құндылығын арттырып, қатысушылар үшін жаңа деңгейдегі мүмкіндіктер қалыптастырады.
Биылғы хакатонның жалпы жүлде қоры 22 500 000 теңгені құрайды. Бұл қатысушылар үшін өз жобаларын жоғары деңгейде әзірлеуге қосымша мотивация беріп қана қоймай, үздік шешімдердің әрі қарай дамуына нақты мүмкіндік ашады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Decentrathon 5.0 − бұл тек жарыс алаңы емес, сонымен қатар технологиялық идеяларды нақты өнімге айналдыратын, стартап мәдениетін қалыптастыратын және өңірлік инновациялық экожүйені нығайтатын тиімді платформа. Хакатон аясында қатысушылар тек техникалық дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, командада жұмыс істеу, уақытты басқару, өнімді дамыту және оны нарыққа шығару сияқты маңызды құзыреттерді меңгереді.
Хакатон қорытындысы бойынша үздік жобалар анықталып, оларды әрі қарай дамытуға, акселерациялық бағдарламаларға қатысуға және ірі технологиялық алаңдарда таныстыруға мүмкіндік беріледі. Бұл өз кезегінде қатысушылардың кәсіби дамуына және Қазақстандағы IT-саланың одан әрі өсуіне оң әсерін тигізеді.
Kyzylorda Hub
бизнес-инкубаторы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!