Қазақстандағы цифрландыруды платформалық үлгіге көшіруді отандық ІТ-мамандар жүзеге асыруы мүмкін. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин президенттің қабылдауы бойынша жазған жазбасында мәлім етті.

 Мустн президентке министрліктің былтырғы атқарған жұмыстарының қорытындысы, президент тапсырмаларының жүзеге асырылуы, цифрландыру және IT саласының даму перспективасы жөнінде есеп бергенін атап өтті. Оның айтуынша, былтыр ең қажетті 18 құжат цифрлық нұсқаға ауыстырылған. 2021 жылы 628 елді-мекенде интернет сапасы жақсартылса, биыл тағы да 140 ауылда осындай жұмыстар жүргізілмек. 

– Мобильді операторлармен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G технологиясын сынақтан сәтті өткіздік. 2022 жылы республикалық маңызы бар қалаларда, 2023-2024 жылдары облыс орталықтарында коммерциялық мақсатта іске қосу жоспарланып отыр, – деді ол.  Министр сөз соңында президентке цифрландырудың платформалық үлгісіне өтуде тәжірибесі бар сарапшыларды тарта отырып, Govtech платформасын Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ және қазақстандық ІТ-мамандардың күшімен құруды ұсынғанын мәлім етті.  Былтыр Қазақстан үкіметі елдегі цифрландырудың платформалық моделін ресейлік СБЕР компаниясына жасату бойынша меморандумға қол қойған.

Үкіметтік бұл шешімі қоғамда наразылық тудырып, цифрландыруды шетелдік компанияға жасату ақпараттық қауіпсіздікке, ақпараттық егемендікке қатер төндіретіні туралы пікірлер айтылған. Енді міне, министр платформаны құруды отандық мамандарға тапсыру туралы айтып отыр.

«Қамшы» сілтейді

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!