Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының білім алушылары Нұрбол Оңалбеков пен Нұрбек Әбілдаев «Digital Qazaqstan» халықаралық ІТ форумының AI-Sana сессиясында «PhishGuard» жобасын таныстырды.

Көрме барысында жас IT-мамандар түрлі әлеуетті серіктестермен маңызды байланыстар орнатып, жобаның алғашқы қолданушыларын тапты. Бұл − отандық стартаптың нарықта сұранысқа ие екенінің айқын көрінісі.

Қызылордалық студенттер  халықаралық форумда үздіктер қатарынан көрінді

PhishGuard AI − фишингтік (алаяқтық) сайттарды, жалған веб-парақшаларды және басқа да қауіпті интернет-ресурстарды анықтауға арналған жасанды интеллект элементтері бар киберқауіпсіздік жүйесі. Жоба қарапайым қолданушылардың, мемлекеттік ұйымдар мен корпоративтік ақпараттық жүйелердің интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жүйенің басты артықшылықтары мен жұмыс істеу принципі:

Автоматты тексеру: Жүйенің негізгі міндеті − сайтты ашқан сәтте-ақ оны автоматты түрде тексеріп, қауіп деңгейін анықтау.

Ыңғайлы формат: Инновациялық шешім браузерлік кеңейтім (расширение) және сервистік тексеру модулі түрінде жүзеге асырылған.

Кешенді талдау: Веб-парақша ашылғанда кеңейтім сайттың техникалық ақпаратын жинап, талдау жүйесіне жібереді. URL-мекенжай құрылымы, домен беделі, қорғалған байланыстың болуы, контент, мәлімет енгізу формалары мен орындалатын скрипттер жіті сарапталады.

Жасанды интеллект күші: Қауіп деңгейін анықтау үшін қауіпсіздік ережелері мен LLM API арқылы мәтінді талдау комбинациясы қолданылады. Жүйе сайт мазмұнын белгілі қауіпті шаблондармен салыстырады.

Жедел ескерту: Тексеру қорытындысы бойынша сайтқа қауіптілік деңгейі (төмен, орташа немесе жоғары) беріледі. Егер ресурс күдікті болса, қолданушыға бірден ескерту шығып, бұл жағдай жүйе журналына тіркеледі.

Kyzylorda Hub

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!