Нұржаусын МАҚСАТ, эксперт бағдарлама әзірлеуші:
– Нұржаусын, сізбен бүгін кеңірек әңгімелесіп, ІТ, бағдарламалау тілі жайында сұхбат құрсақ. Halyk Bank-та эксперт бағдарлама әзірлеуші екеніңізден хабардармыз. Меніңше, бұл салаға қалай келгеніңіз, жұмыс барысы оқырмандарға да қызық әрі пайдалы болатын тәрізді…
– Мұнда 2 жылдан астам уақыттан бері қызмет етемін. Жоғары білімді есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетінде білім алып, қазір эксперт бағдарлама әзірлеуші болып қызмет атқарамын. Жұмыстағы қызметіме келетін болсақ, Android операциялық жүйесінде Online bank мобильді банкинг қосымшасын бағдарлаймын. Көбісі физикалық тұлғалар қолданатын Homebank қосымшасымен шатастырып жатады, бірақ Onlinebank – Halyk Bank-тың заңды тұлғаларына қызмет көрсететін қосымша. Айта кету керек, бизнеске арналған онлайн қызметтері бар Halyk Bank Қазақстанның бизнеске арналған мобильді банктері рейтингінде 1 орында және ТМД мен Кавказдағы үздік жиырмалыққа енді.
Жұмыс барысы апталық спринттарға бөлінген Agile методологиясымен өтеді. Аптаның басында командамен жиналып, маңыздылығы бойынша жоғары тапсырмаларды бөліп алып, апта көлемінде сонымен айналысамыз. Командада жоба менеджері, Android және iOS әзірлеушілер бар. Әр күні таңғы жиында тапсырма бойынша үйлестірушіге «Кешегі күні не жасалды, бүгін не жасаймыз?» деген сұрақтар бойынша қысқаша жауап береміз. Осылайша команда мүшелері барлығынан хабардар болып отырады, сондай-ақ тайм-менеджментке көңіл бөледі.
– Қалай ойлайсыз, банктердегі ақпараттық жүйелер қауіпсіз деп айта аламыз ба? Олар кибершабуылдан толық қорғалған ба?
– Жалпы банктердегі қауіпсіздік жоғары дәрежеде деп айта аламын. Себебі банк өз ісінің маманын ғана түрлі дәрежедегі сынақтардан өткізіп, жұмысқа қабылдайды. Оған қоса мамандардың жыл сайын біліктілігін арттыратын оқыту курстарына жіберіп отырады. Ал банк жүйесіне келетін болсақ, қауіпсіздік басты орында болғандықтан, жиі тексеру шараларын жүргізіп, барлық кибершабуылдардың алдын алады. Ол үшін 24 сағат қызмет ететін арнайы департаменттер бар. Ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы әріптестер жүйеде талдау жасап, ішкі және сыртқы байланыстардың тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Банктың электронды жүйесіндегі қате ненің әсерінен болуы мүмкін? Ара-тұра ақау болып жатады…
– Банк жүйесі – күрделі жүйелердің бірі. Себебі ол басқа түрлі ұсақ және мемлекеттік деңгейдегі маңызды жүйелермен әрдайым байланыста. Сол себепті бір жүйеде болған ақау басқаларына да әсерін тигізуі мүмкін. Айталық, барлық қызмет көрсету саласы ғаламтор арқылы байланыс орнатқандықтан ғаламтордың қызмет көрсету жылдамдығының нашарлап кетуінен де кейде сапа нашарлайды.
– Маман ретінде қалай ізденесіз? Осы саладағы соңғы өзгерістер мен жаңалықтар қандай?
– Қазіргі заманда әрдайым өз біліміңді шындап отыру керек. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Университет қабырғасында алған білімді дамытып, жұмыс барысында қолданып, тәжірибемді шыңдап отырамын. Мамандығым бойынша түрлі сайттарға тіркеліп, ондағы жаңашыл тұстарды түртіп отырамын. IT саласында қызмет етсеңіз, ғаламтор мен Google сіздің жақын досыңыздай болу керек. Бірақ жаңарып отыратын ақпараттарды ғаламтор берсе де, оның фундаменталды негізін толық жеткізуге келгенде кітаптан артық құрал жоқ.
– Қазір жастар университетте алған білімімен шектелмей, жан-жақты болуға тырысады. Ал сіз жаңадан не үйренгіңіз келеді?
– Ақпараттық технологиялар бағытында жүргендіктен оның түрлі салаларымен танысуды жалғастырғым келеді. Ол – машиналық оқыту (Machine Learning), компьютерлік көру (Computer Science) секілді жаңа салалар. Осы технологиялардың негізіндегі өнімдер арқылы кәдімгі бизнес-процестердің көпшілігін автоматтандыруға қол жеткізуге болады. Басқаша айтқанда, машиналық оқыту арқылы үйретілген алгоритмдер мен роботтар барлық күнделікті жұмыстарды жасай алады. Қазақстанда көп компаниялар осы сияқты заманауи шешімдерді қолданып, сапаны жақсартуда. Мысалы, банктерде несие тағайындау шешімін қабылдайтын, медицинада науқас туралы ақпараттарды сараптап, диагнозын қоятын алгоритмдер әлем бойынша пайдасын тигізуде.
Сұхбаттасқан:
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!