Жуырда креативті әрі маңызы зор – «Smart City Kyzylorda Hackathon 2025» облыстық ІТ-жобалар байқауы өтті. Ауқымды іс-шара Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, инновациялық ойлауға бейім, технологиялық шешімдерге құштар жастардың басын қосты. Хакатон – тек жарыс емес, ол болашақ мамандардың жаңа идея ұсынатын, заманауи ІТ орта қалыптастыратын ашық алаң.
Байқаудың негізгі мақсаты – өңірдегі ІТ әлеуетті ашу, жас инноваторлардың цифрлық шешімдерін қоғам игілігіне жарату және оларды қолдау арқылы Қызылорданы «ақылды қала» стандарттарына жақындату. Іс-шара үш негізгі бағыт бойынша өтті. «Әзірлеу» – мобильді қосымша, веб-сайт, бот, ойындар секілді бағдарламалық өнімдер жасау, «Модельдеу» – 3D модельдер, ақылды құрылғылар, робототехника және BIM технологияларға негізделген жобалар, «Жасанды интеллект» – денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік қызметтер салаларындағы AI шешімдері.
Статистиканы сөйлетсек, 93 жоба қорғалып, 317 адам қатысқан. Облыстық көлемде ұйымдастырылса да, Түркістан мен Тараз қаласынан келген жастар да бар. Ал жалпы жүлде қоры 1 миллион 800 мың теңгніе құрады. Одан бөлек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 білім гранты мен түрлі ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Қазылар алқасының құрамында болған Бейбарыс Раушанбектің айтуынша, биылғы хакатон жоғары деңгейде өткен.
– Hackaton 2025 инновациялық идеялар жарысында «Модельдеу» бағыты бойынша төрелік еттім. Бұл жарыстың орны бөлек. Себебі осындай байқаулардың арқасында менің де IT салаға қызығушылығым ашылған еді.
Биылғы хакатон өте жоғары деңгейде өтті. Қызылорда облысының түкпір түкпірінен, тіпті Түркістан облысынан да келген қатысушылар болды. «Модельдеу» бағытында әр қатысушы бір біріне ұқсамайтын жобаларын таныстырды. Соның ішінде авто тұрақ жобасының идеясы маған қатты ұнады. Кейбір оқушыларға 3Д модельдеудегі біліктілік, ал кейбіреуіне жобасын қорғауда қабілет жетіспеді. Бірақ осындай жарыстарға жиі қатысу арқылы тәжірибе жинап, болашақта білікті маман ретінде қалыптасады деп ойлаймын, – дейді Бейбарыс Раушанбек.
Инновацияға қадам басқан үздіктермен танысудың да сәті түсті. Жасанды интеллект секциясында 34 жоба қорғалды. Десе де өз ортасынан оза түскен білімді жастар көп болды. Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды НЗМ Қызылорда мектебінің оқушысы Әлішер Романқұлдың денсаулық сақтау саласына арналған Health- X атты AI шешімі иеленді. 2-орынды №144 мектептен Айдын Орынбектің психологиялық көмекке бағытталған TirekAI жобасы жеңіп алды. 3-орын Қ.А.Ясауи атындағы университет студенті Сұлугүл Даулетбекованың көлік қозғалысын басқаруға арналған TraffIQ шешіміне бұйырды. Сонымен қатар, ректор гранты НЗМ Қызылорда мектебінің оқушысы Атымтай Надира әзірлеген буллингті анықтайтын нейрожелі – AI Bullying Detector жобасына берілді.
Ал «Модельдеу» бойынша 23 жоба сараланды. Үздіктердің қатарында AI Oasis, Сыр-Сафари, H2ZeroParklet жобалары бар.
Ең тартысты өткен секция «Әзірлеу» бағыты болды. Мұнда 45 жоба қорғалып 1-орын Айзере Бекжанға, 2-орын Махаббат Байменова, ал 3-орын Жанель Ибадуллаға табысталды.
«Smart City Kyzylorda Hackathon» – жас буынның ел болашағына деген көзқарасы мен жауапкершілігін көрсететін алаң. Себебі жастар ұсынған жобаларының басым көпшілігі әлеуметтік маңызы жоғары проблемаларға арналған: экология, білім беру, көлік жүйесі, қауіпсіздік, денсаулық сақтау.
Бұл тек жарыс емес – бұл өмірлік жобалардың бастамасы. ІТ саласына бет бұрған мектеп оқушылары, студенттер мен жас мамандар өз идеяларын дәлелдеп, нақты өнім ретінде ұсынып отыр. Осындай жобалардың көптеп жасалуы – өңірдің цифрлық болашағына сенім ұялатады.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!