«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру аясында өмірдің түрлі салаларында оның ішінде, IT бағытын дамыту мақсатында көптеген жобалар іске асырылуда. Осы ретте облыс жастарының IT саласына қызығушылығын арттыру және жобаларына қолдау көрсету мақсатында «Inno.Fest» Qyzylorda 2023 инновациялық жобалар байқауы қолға алынды.
Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен, Қызылорда облысы «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Inno.Fest» Qyzylorda 2023 фестивалінің бірінші күнінде 2500 қатысушы мен ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен танымал азаматтар бір алаңға жиналды.
Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Аманбайұлы арнайы бейнесәлемдеме жолдады. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Әбілтайқызы қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Биыл төртінші рет өткізілген жобалар байқауы «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» секцияларынан тұрады. Әр бағыт бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде инновациялық жобалар жасап қорғайды», – деді Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Алтынбекұлы. Сондай-ақ, әр секциядан үздік шыққан жастарға Astana IT университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Болашақ университеті және Қызылорда Ашық университетінің оқу гранттары табысталатынын айтты.
Қатысушылар өз бағыттары бойынша республикалық және өңірлік спикерлермен ұжымдық жұмыс жасап, тәжірибе жинады. Фестивальдің екінші күнінде қатысушылар қазылар алқасына жұмысын таныстырып, үздік жобалар марапатталады және жобалар көрмесі өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!