2025 жылғы 7-8 қараша күндері Қызылорда қаласында облыстық инновациялық жобалар фестивалі – «Innofest Qyzylorda 2025» өтеді. Бұл – аймақтың ең ірі технологиялық және шығармашылық шараларының бірі. Фестивальді Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облысы әкім аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы бірлесе ұйымдастыруда.
Innofest Qyzylorda 2025 – Қызылорда облысының жастарына арналған инновациялық жобалар фестивалі. Шараның басты мақсаты – жастардың технологиялық және креативті әлеуетін арттыру, өңірдің инновациялық экожүйесін дамыту және жаңа идеяларды нақты нәтижеге жеткізуге мүмкіндік беру.
Фестиваль барысында қатысушыларға 24 сағат ішінде нақты кейстер аясында өз идеяларын жұмыс істейтін прототипке айналдыру тапсырмасы беріледі. Үздік жобалар 5 400 000 теңге жүлде қорын және жоғары оқу орындарының білім грантын ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шара өңірдің талантты жастарына өз идеясын жүзеге асырып, оны кәсіби деңгейде қорғауға мүмкіндік береді.
Innofest Qyzylorda 2025 фестивалі үш негізгі бағыт бойынша өтеді:
Software Development – қатысушылар берілген тапсырма негізінде IT-әзірлеме жасайды. Бұл бағыт код жазуға бейім жастар үшін өз идеяларын нақты өнімге айналдыру алаңы болмақ.
Artificial Intelligence – жасанды интеллект технологияларына қызығушылық танытқан қатысушылар берілген кейстерді шешу арқылы ЖИ құралдарын әзірлейді.
Movies & Video – шығармашылық бағыттағы жастар 2 минуттық қысқаметражды бейнеролик түсіріп, өз идеясын бейнелеу арқылы көрсетеді. Үздік жұмыстардың авторлары марапатталады.
Фестиваль аясында панельдік сессиялар, стартап-питчтер, көрмелер, концерт және нетворкинг аймақтары ұйымдастырылады. Бұл қатысушылар үшін жаңа байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және өз жобаларын таныстыруға тамаша мүмкіндік.
Фестивальдің спикерлері мен сарапшылары қатарында еліміздің және шетелдің тәжірибелі мамандары бар.
Software Development секциясында: Асқар Болат – Qalan.kz СЕО, кәсіпкер; Ғани Абадан – кәсіпкер, EdTech және AI саласының сарапшысы; Жандос Оңалбеков – JSoft СЕО, кәсіпкер.
Artificial Intelligence секциясында: Тимур Бектұр – IT сарапшы, жасанды интеллект зерттеушісі; Джесу Ким – ЖИ саласының профессоры; Айдос Жұманазар – Eduser СЕО, кәсіпкер.
Movies & Video бағытының спикерлері: Дәурен Серғазин – актер, режиссер, тележүргізуші; Азамат Тұрсынбай – блогер, актер, сценарист; Ғани Абдиев – ПТК СЕО, продюсер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль өңірдің жас инноваторлары мен шығармашыл жастарына жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың идеяларын жүзеге асыруға серпін береді.
Фестивальге студенттер, кәсіпкерлер, инноваторлар, IT-мамандар және шығармашылық жастар қатыса алады. Қатысу тегін, алайда алдын ала тіркелу қажет. Тіркелу және толық ақпарат алу үшін www.innofest.kz сайтқа өтіңіз.
Kyzylorda Hub
бизнес-инкубаторы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!