Қазір жаһан жасанды интеллекттің игілігін көріп отыр. Технологиялық прогрестің артықшылығы мен кемшін тұсы таразыға түскенімен, жасанды интеллект көптеген саланы қамтығаны рас. Мемлекет басшысы да еліміз «цифрлық көшпенділердің ордасына айналуы керек» деп, IT саласына басымдық берді. Бұл бағыт бойынша аймақта айшықты жобалар жүзеге асқаны көпке аян. Жастардың инновациялық идеясын қолдап, шеберлігін шыңдауға жол ашуда. Нәтижесінде жетістікке жеткен дарындылар аз емес. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде облыстағы ІТ саланың даму қарқыны жөнінде айтылды.

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Оңтүстік Корея елімен бірлесіп жасанды интеллект мектебін ашты. Қазіргі таңда студенттер осы бағытта білім алуды бастап кетті. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы бірлескен жұмыстар жалғаса береді. Жалпы, бүгінде университетке арнайы жасанды интеллект бойынша 100-ге жуық грант беру мәселесі қаралуда. Грант иегері атанған студенттер екі жыл көлемінде Оңтүстік Кореяда білім алатын болады. Бұл Қызылорда облысының студенттеріне өте керекті әрі ыңғайлы жоба екені анық. Сондай-ақ жас мамандарымыздың тың жобаларын жарыққа шығаруға мол мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, жаңа идеяларды танытатын Kyzylorda Hub, ІТ park, Astana Hub және облыс әкімдігімен бірлескен түрде әртүрлі шаралар өтеді. Оның ішінде Hackathon, Pecha-Kucha секілді шаралар да бар. Былтыр жасанды интеллектті дамыту бағытында Innofest өткіздік. Фестивальде жасанды интеллекті қазақшаландырып, ерекше жоба дайындағандардың бірі – қызылордалық оқушы Асылжан Абдуллаев. Қазіргі таңда оның жобасына елімізден бөлек, шет мемлекеттерден де қызығушылық білдіруде. Заман дамыған сайын жаңа технологиялардың пайда болатыны белгілі. Осыған дейін робототехникалар дамып келсе, қазір жасанды интеллект арқылы жаңа индустрияны дамытуға мүмкіндік тууда. Сол себепті ІТ саланы дұрыс дамыту ел экономикасына жаңа серпін әкелетіні сөзсіз, – деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.
Жоба мен жоспарын жүйелеген жастардың құлшынысы зор. Идеясын илікпей айтып, оны іске қосуда кері шегінбейтіні содан. «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтың айтуынша, ІТ бағытында ұйымдастырылатын жобаларға Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарының жастары белсенді қатысады екен. Әрине бұл жағымды жаңалық, жақсы көрсеткіш.
– ІТ тек айтишниктерге арналған сала емес. Бұл сала барлық саламен тығыз байланысты. Сол себепті мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушы осы бағыт бойынша толық білім алуы керек деп ойлаймын. Бұл жердегі басты мақсат барлығын ІТ маманы ету емес, болашағына қажет болатын қарапайым қызметтерден хабардар ету. Жалпы, біздің ІТ парк базасында 12 резидент бар. Олардың әрқайсысы ІТ саласы бойынша айына 2 рет іс-шара өткізеді. Ол шараларға ауылдық, аудандық мектептің және колледждің балаларын онлайн түрде қатыстырамыз. Одан бөлек, шетелдің мамандарынан кеңес алып, балалармен кездесу ұйымдастырамыз. Биыл жасөспірімдерге арналған тағы бір жоба өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді «Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев.


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!