Қазіргі таңда жұмыс барысында болсын, қарапайым өмірде де заманауи технологияға тәуелдіміз. Компьютерсіз жұмыс бітпесе, смартфонсыз байланысу бәсеңдейді. Сондықтан адамзаттың өмірін жеңілдеткен жетістіктің тілін игеру басты артықшылыққа айналып үлгерді. Оның үстіне сан құбылған ақпараттық технологияның моделі мен жаңалығын қадағалау керекті іс. Себебі экономика, ұлттық қауіпсіздік секілді маңызды бағыт IT саласына тікелей қатысты. Осыған орай 100 мың IT-маман әзірлеу бастамасы қолға алынбақ.

Бұл идеяны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті халыққа Жолдауында ұсынған болатын:

«Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлы саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс» –, деді Президент.

Әрине, кез келген салада маман тапшылығының болуы жүйелі жұмысқа кедергі келтіреді. Алайда 100 мың IT-маман маман Қазақстан үшін көп пе, аз ба? Аталған салада маман әзірлеудің алгоритмі қалай түзіледі? Осы сауал әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде.

Жалпы IT саласына қажетті мамандарды даярлау мәселесі көтерілгелі бірнеше бағдарлама жүзеге асып үлгерді. Соның бірі – Astana Hub технопаркінің Tech Orda жобасы. Жоба аясында мемлекет пен технопарк бірлесе жекелеген бағдарламалау мектептерін қаржыландыратын болады. Қазірдің өзінде 100-ден астам студент ақшалай қолдауға ие болып, ақпараттық-технологиялық дағдыларды меңгеруде.

«Бұл жоба барлық бағдарламалау мектебі мен студенттерге арнал­ған. Сондықтан осы мүмкіндіктен шет қалмауға шақырамыз. Келер жылдан баcтап бағдарлама кеңейтіліп, Үкіметтің қолдауымен 2025 жылға қарай 20 мың студентке қолдау көрсету жоспарланған.

Бұдан басқа да бизнеске бағытталған инкубация және акселерация бағдарламалары бар. Мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілді. Оған қатысқан түлектердің өнімдері жақсы таныс десек те болады. Мәселен, көлікті тұраққа қою, балаларды online оқыту, пәтерге жөндеу жүргізу немесе жүктілікті бақылау кезінде IT қызметтерді пайдаланамыз. Алайда сол бағдарламаның кейбірін отандық мамандар шығарған технологиялық өнім екенін көпшілігіміз ойлана бермейміз», – деді Astana Hub технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев.

Күн санап дамыған IT саласына 100 мың маман көптік етпесі анық. Оның үстіне бұл алдағы бесжылдықтың межесі болса, саладағы көр­сеткіштен күтеріміз мол. Себебі IT – бүгіннің де, болашақтың да маман­дығы.

Б.ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!