ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы IT еңбек нарығында 69,5 мың қызметкер бар. Бір қызығы, 69,5 мың IT қызметкеріне 84,1 мың еңбек шарты жасалған. Сонда, бұл маман­дардың 21%-ы рес­ми түрде кемінде екі ком­панияда жұмыс істейді деген сөз.
HeadHunter онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының деректерін талдау нәтижесінде 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында IT мамандарына арналған бос жұмыс орындар санының бір жылда 41% өсіп, 14 мыңға жеткенін, ал 2022 жылы қаңтар-маусым айларында өсім тағы 36% құрап, 19 мыңға жеткенін көрсетті. Оның жартысы Алматыға, Астана қаласына 24%-ы тиесілі екен.
Сондай-ақ IT мамандарға сұраныс ұсыныстан бірнеше есе асып түседі. 437 жаһандық компа­ниялардың сауал­нама­сына негіз­делген «2021–2023 жыл­дарға арналған жаңа тех­нологиялардың жол картасында» Gartner халықаралық консалтинг компаниясы АТ-басшылары маман жетіспеушілігін жаңа технологияларды енгізуге ең үлкен кедергі деп санайды. Еуропалық Одақ елдері 2030 жылы қосымша 11 млн IT маманына мұқтаж болуы мүмкін екенін алға тартады. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда АКТ кадрларға жыл сайынғы қажеттілік шамамен 30 мың адамды құрайды екен. Сондықтан елдегі IT-маман әзірлеу әлеуетін дамыту кезек күттірмейтін қадам екені даусыз.
Осы орайда 2025 жылға қарай 100 мыңға жуық IT маманын дайындау бастамасы – сәтті қадам. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы алаңында айтқан болатын:
«Адам біздің басты байлығымыз екені сөзсіз. Екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсе береді. Сондықтан аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болады.
Біз бұл сын-қатерді жақсы түсінеміз. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойдық», – деген Мемлекет басшысы.
Бұған қоса ҰБТ-дағы өзгеріс аталған салаға серпін бермек. Мысалы, биыл IT мамандыққа түсушілер үшін ҰБТ-да информатика міндетті пән болады. Бұған дейін үміткерлер математика, физика пәндерінен тест тапсырып келген. Енді 2022-2023 оқу жылынан бастап IT-мамандықтарға түсуші талапкерлер қажетті пәндердің бірі ретінде информатикадан тест тапсырады.
Мұндай хабарды цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин facebook парақшасында жариялаған еді: «Бүгінгі таңда ҰБТ-ға дайындық – бұл жоғары сынып оқушыларын алаңдататын басты мәселе. Информатиканы қажетті пәндерінің тізбесіне кіргізу арқылы пәнді оқуға қызығушылық танытқан оқушылар санын ұлғайтуға мүмкіндік болады, бұл өз кезегінде информатика мұғалімдері кәсібінің беделі мен мәртебесін арттырады. Адам бағдарламалауды білсе, бұл оның логикалық ойлауды жетік меңгергенін білдіреді. Осы ретте ол бәсекеге қабілетті бола алады, өйткені ол информатика біліміне негізделген идеялар мен түрлі гипотезаларды іс жүзінде жүзеге асыра алады. IT саласының негіздерін үйрену – бұл тек маман­дықты мең­геруде ғана емес, өмірде де пайдалы болары анық», – деп жазды Бағдат Мусин.
Министрдің ойынша, болашақта барлық мамандық IT саласымен байланысты болады. Соған орай, әрбір адам математиканы білгені сияқты бағдарламалау негіздерін де білуі керек.
Жалпы елімізде соңғы екі жылда IT мамандарына арналған бос жұмыс орындарының саны артып келеді. Бірақ нарықта тәжірибиелі мамандар әлі де тапшы. Тәжірибелі IT мамандарын табу үшін жұмыс берушілер оларға басқа саладағы қызметкерлерден әлдеқайда жоғары жалақы төлеуге дайын.
Finprom.kz агенттігінің ақпаратына сәйкес, IT мамандары табысының қарқынды өсуі экономика салаларында цифрландырудың өсуіне байланысты болып тұр. Еліміздің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтер нарығының көлемі артты. Мысалға алсақ, 2017–2021 жылдар аралығында ақпараттық қызметтер 72%-ға көбейіп, 1 трлн теңгеден 1,79 трлн теңгеге дейін өскені байқалады. Оның ішінде компьютерлік бағдарламалау қызмет көлемі 2021 жылы 515,1 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылдағыдан (183,9 млрд теңге) үш есе дерлік көп. Сол себепті IT-маман даярлау – заман талабы ғана емес, экономиканың қозғаушы күші.

Б.ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!