Жақында Шымкент қаласында өткен «Digital Qazaqstan Battle» финалында «CortexAI» стартап жобасы 2-орын иеленіп, 5 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық жеңіп алды.
Додаға еліміздің барлық өңірінен іріктеліп шыққан ең мықты 18 команда қатысты. Батлға тек алғашқы сатылымдары бар, заңды тұлға ретінде тіркелген және нарыққа шығуға дайын (MVP сатысындағы) стартаптар ғана жіберілді. Қазылар алқасы қатысушыларды жобаның өсу динамикасына, команда біліктілігіне, бизнесті масштабтау (кеңейту) мүмкіндігіне және венчурлық қорлар үшін тартымдылығына қарап жоғары деңгейде бағалады.

«CortexAI» стартап жобасы – медицина саласына арналған инновациялық шешім. Жоба трансплантацияланатын бүйректің ағзада қабылданбау қаупін алдын ала болжайтын жасанды интеллект (ЖИ) жүйесі.
Алгоритм пациенттің генетикалық деректерін қоса алғанда, 34 түрлі параметрді сараптайды. Операцияның сәтті өту ықтималдығын бағалайтын модельдің ретроспективті деректердегі дәлдігі – 84%. Жүйенің басты жетістігі — ақпаратты өңдеу уақыты 12 сағаттан небәрі 33 секундқа дейін қысқартылды.
Айта кетейік, CortexAI жобасын жүзеге асырып жатқан команда Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының резиденттері және Startup Orda инкубациялық бағдарламасының түлегі.
Kyzylorda Hub
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!