Kyzylorda Hub өңірдегі ең ауқымды стартап-байқау – «Kyzylorda Idea Battle»-ға қатысуға өтінімдер қабылдау басталғанын ресми түрде хабарлайды.
10 қазан күні Қызылорда облысының барлық тұрғыны инновациялық бизнес-идеяларын ұсынып, 1 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қоры мен жоғары оқу орнына білім грантын ұтып алуға мүмкіндік алады.
Байқаудың негізгі мақсаты – аймақтағы кәсіпкерлік экожүйені дамыту, жас таланттардың инновациялық идеяларына қолдау көрсету және олардың жобаларын нақты бизнеске айналдыруға көмектесу. Бұл – өз идеясына сенетін, бірақ оны қалай жүзеге асыруды білмейтін жандарға арналған бірегей мүмкіндік.
Байқау жеңімпаздарын қомақты жүлде күтеді: жобаны дамытуға арналған 1 000 000 теңге қаржылай сыйлық. Сонымен қатар, мектеп оқушылары үшін ерекше мүмкіндік қарастырылған – жоғары оқу орнына білім гранты. Бұл жас буынды ғылым мен технологияға ынталандыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Байқауға қатысу үшін дайын бизнес-жоспардың немесе команданың болуы міндетті емес. Тек технологиялық, жаңашыл идея болса жеткілікті. Қатысушылар өз идеяларын сарапшылар алдында қорғап, құнды кері байланыс алып, жобаларын жетілдіруге мүмкіндік алады.
− Біздің өңірде талантты, идеясы бар жастар өте көп. Kyzylorda Idea Battle – сол жастарға өздерін көрсетуге, идеяларын сарапшылар алдында сынап көруге және армандарын жүзеге асыруға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін алаң. Біз ең батыл идеяларды күтеміз, – дейді Kyzylorda Hub жетекшісі Тубекбаев Жанарыс.
Өтінімдерді қабылдау 10 қазанға дейін жалғасады. Байқауға қатысу және толық ақпарат алу үшін ресми сайтқа кіріңіз: www.kyzylordahub.kz.
Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!