Жылдан-жылға Сыр өңіріндегі ІТ саласы ерекше серпін алып келеді. Оған жас дарындар мен талантты өнертапқыштардың тың жобалары дәлел. Жуырда Қызылорда облыстық «Ақпараттық технологиялар орталығы» мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ауқымды интеллектуалды кеш ұйымдастырып, жаңа бағыттағы идеяларды ортаға салды. «PechaKucha Night Kyzylorda. IT trends» тақырыбында өткен қызықты іс-шара жастардың жаңа білім алуына мүмкіндік сыйлайды.
Жапондық әдіс бойынша өткен жастардың басқосуында IT саласына қатысты түрлі тақырыптар жан-жақты сарапқа салынды. Қатысушыларға жаңа технологиялар аясындағы мүмкіндіктерді, IT бағытындағы тың идеялар мен жаңалықтарды жылдам әрі түсінікті жеткізуді мақсат еткен кешке Жұбатқан Нұрғалиев, Айдос Елшібек, Айбек Оразбахов, Алмат Қуанышбаев, Қази Бек, Индира Ақжігітова сынды кәсіби сала мамандары жиналды.
«PechaKucha» сөзі жапон тілінен аударғанда «әңгімелесу» мағынасын білдіреді. Бұл – баяндамалар мен презентацияларды ұсынудың үлгісі. Ерекше форматтағы қозғалыстың алғашқы жиыны 2003 жылы бастау алған. Астрит Клеин және Марк Дитам аталған жүйенің негізін қалаған. Бастапқыда тек сәулетшілер мен дизайнерлер үшін ойластырылған бір реттік іс-шара уақыт өте келе бүкіл әлемге танымал болды.
«PechaKucha Night Kyzylorda. IT trends» − қазіргі таңда әлемнің 1000-нан астам қалаларын біріктіретін халықаралық қозғалыстың бір бөлігі ретінде Қызылордада 3-ші рет ұйымдастырылды. 180-нен аса қатысушылар бас қосқан жиында «Қиялдан – реалға кәсіпкер», «IT өмірге саяхат», «NoCode арқылы миды жаулау», «Жасанды интеллект: Досың ба, қарсыласың ба?», «IT мамандарға арналған ТОП дағдылар», «GameDev.Қазақша стиль», «Адам мен робот қарым-қатынасында психология мүмкін бе?» тақырыбындағы презентациялар таныстырылды.
− Осы жолы ұйымдастырылған интеллектуалдық кеште «GameDev. Қазақша стиль» тақырыбында өз ойыммен бөлістім. Замандастарыма америкалық Epic Games компаниясының Unreal Engine төрт ойын қозғалысында жұмыс және ойын жасау жолдарын көрсеттім. Одан бөлек 3 Ds Max программасында жасалған 3D модельдер мен визуализация жұмыстарын, сондай-ақ аймағымызда жасалған жобаларды талқыладық, − дейді спикер Қази Бек.
Қызылордада «PechaKucha» форматындағы шара алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырылды. «Жастар жылы» аясында өткен жиын білім, ғылым, кәсіпкерлік, ішкі туризмге қатысты тақырыптарды қамтыған болатын. Алғашқы жиын барысында спикерлер Нұрлыбек Ахатаев «Химиясыз елестету мүмкін емес 20 сала», Алмат Қуанышбаев «Хакингтің 20 құралы», Ерлан Мусаев «Қызылордада баруға тұрарлық 20 орын», Сабыржан Кеңшілік «Бақытты болудың 20 қадамы», Ердәулет Есмағамбет «Кітап оқып кету үшін 20 кеңес», Сәуле Қалыбай «Сатылатын контент жазуға 20 кеңес» тақырыптарын қамту арқылы қатысушыларды қызықтыра түскен жиын жалғасын тапты.
Жастардың еркін пікір алмасу аймағына айналған кездесу екінші мәрте 2021 жылы өткізілді. Сол сәтте де IT саласының мамандары өз бағыттары бойынша технологияларды қарапайым түрде түсіндіріп, технологиялар аясында дамуға, мансап бастауға болатын мүмкіндіктермен бөлісті.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!