Жуырдан бастап мамандық таңдау мәселесі бізді мүлдем алаңдатпайды десем сенесіз бе? Иә, жасөспірімдердің көкейінде жүрген алаңдаушылық пен қорқыныш енді өз шешімін таппақ. Оған себеп болған «JINAQ» қосымшасы. Бұл – 15 жасар астаналық оқушы Аль-Азим Вахиттің туындысы.
Ол 2024 жылдан бастап «UNIFIND» атты жасанды интеллектінің негізінде сервисті әзірлеуді бастаған. Қосымшаның мақсаты – оқушыларға академиялық көрсеткіштер, қызығушылықтар, жетістіктер мен мақсаттары негізінде жоғары оқу орындарын таңдауға көмектесу. Жасанды интеллект алгоритмі оқушының деректеріне талдау жасап, оған сай келетін білім беру траекторияларын ұсынады.

«JINAQ» оқушыларға өзін тануға, болашақ мамандығын таңдауға және жеке білім беру траекториясын құруға көмектеседі. Платформада кәсіби бағдарлау тесттері, аналитика, мамандық бойынша ұсыныстары және оқушылардың цифрлық профильдері бір жүйеге біріктірілген.
Одан бөлек Аль-Азим Вахиттің сүйіншісі бар. Оның платформасы Астананың 10 мемлекеттік мектебінде тесттен өтуде.
Енді «JINAQ-тың» өзіне тереңірек тоқталсақ. Қосымшаның интерфейсі, яғни бет-әлпеті минимализм және ыңғайлылыққа негізделген. «JINAQ» қосымшасының жұмыс істеу принципі де ерекше қызығушылық тудырады. Оқушы тіркелгеннен кейін жүйе оған интерактивті сұрақтар қойып, психологиялық портретін жасайды. Бұл жердегі тест сұрақтары өзгеше. Олар геймификация, яғни ойын элементтерімен байытылған. Оқушы жауап берген сайын ұпай жинап, өз профилінің деңгейін көтереді. Бұл жасөспірімді жалықтырмай, керісінше, процеске тартып отырады.

Платформаның жүрегі саналатын «UNIFIND» алгоритмі жиналған ақпаратты бірнеше секунд ішінде өңдейді. Ол тек оқушының Қазақстан тарихы немесе Математика пәнінен алған бағаларына қарап қоймайды. Алгоритм оқушының хоббиін, еріктілер қозғалысына қатысуын, спорттық жетістіктерін және тіпті әлеуметтік желідегі қызығушылықтарын ескере оты- рып, кешенді талдау жасайды. Нәтижесінде оқушыға «Сен заңгер болуың керек» деген үкім емес, «Сенің аналитикалық қабілетің мен сөз өнеріне деген икемің халықаралық құқық саласына жақсы сәйкес келеді. Осы мақсатқа жету үшін мына пәндерге басымдық беріп, мынадай үйірмелерге қатысқаның дұрыс» деген нақты кеңестер мен жол картасын ұсынады.
Жол картасы – бұл оқушының 11-сыныпқа дейінгі жеке даму жоспары. Онда қай олимпиадаға қатысу керектігі, қандай онлайн курстардан өткен жөн екені және грантқа түсу ықтималдығын арттыру жолдары кезең-кезеңімен көрсетіледі.
Одан бөлек қосымшада барлық университет тізімі бар. Өңірдегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен таныстық. Мұнда мекеменің оқу ақысынан бастап жатақхананың бар-жоғы да нақты белгіленген. Ал ең керемет дүние – бұл әлемдегі үздік университеттердің болуы. Сіз өзіңіз қалаған мамандықты таңдай отырып, оның бакалавриаты туралы біраз мағұлмат аласыз.

Аль-Азим Вахит «Біздің платформада сіз сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұсыныстарды ала аласыз, сонымен қатар мамандықтықтың орташа жалақысын біле аласыз» деп біз байқамаған қырларды атап өтті. Шынымен түлектер үшін барлық жағдай жасалған.
– Жобаларын бастағысы келетін мектеп оқушыларына айтарым – қорқыныш жойылатын сәтті күтуді доғарыңыз. Ол жоғалып кетпейді. Бірақ оны жанармай ретінде пайдалануға болады. Кез келген жоба алдымен қиын көрінеді, бірақ қадамдар сіз қозғалған кезде ғана жеңілдеп, батылдықты оятады. Миллиондаған идеяны бірден құруға тырыспаңыз. Өзіңізді сынап көріңіз, тәжірибе жасаңыз және процестен ләззат алыңыз, – дейді біздің кейіпкер.
Міне, тағы да бір дарынды оқушымен таныстық. Оның жобасының әрбір бөлшегі нық орнатылған. Себебі оның басты мақсаты пайда көру емес, Қазақстанның білім саласына жаңашылдық енгізу, жасөспірімдердің ең үлкен қорқынышын сейілту.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!