Қыркүйектің соңғы күнінде Kyzylorda Hub алаңында ерекше атмосфера орнады: мұнда дәстүрлі Pizza Pitch шарасы өтті. Жас кәсіпкерлер, студенттер мен IT-ға қызығушы жастар бас қосып, сегіз бірдей жаңа жобаны көпшілік пен сарапшылар назарына ұсынды. Шараға шамамен елуге жуық көрермен қатысып, кеш бойы қызу пікірталас пен достық рух сезілді.
Pizza Pitch – жастарға өз идеяларын бейресми әрі еркін ортада таныстыруға мүмкіндік беретін шара. Бір жағынан, бұл кәсіби дағдыларды шыңдау алаңы болса, екінші жағынан – жаңа таныстықтар орнатып, болашақ серіктестер табуға тамаша мүмкіндік. Бұл жолғы жиын да дәл сондай бағытта өрбіді.
Жобалар түрлі салаларды қамтыды. Бекболат Бөлебай пен Нұрдәулет Нуғуман стартап командаларына арналған бірыңғай экожүйе – Team Pass жобасын таныстырып, командалық жұмысты жеңілдетудің жаңа жолдарын көрсетті. Ұлан Күнтуған Telegram негізінде жұмыс пен жұмысшыны жылдам табуға көмектесетін Job Baraholka bot шешімін ұсынды. Томирис Мурзатай күнделікті ас мәзірін әртараптандыруға бағытталған Mystery Meal Maker қосымшасын көрсетіп, пайдалы кеңестер мен рецепттерді бір жерге топтастырған. Ал Нұрсайыд Әміровтың Test Arena жобасы жасанды интеллект көмегімен оқу процесін ойын түрінде ұйымдастырып, тест тапсыруды қолжетімді етуге бағытталды.
Білім беру саласын қолдаған тағы бір жоба – Жанболат Жәріштің YqylasEdu платформасы. Бұл жүйе шет тілдерін үйренуді, университет курстарын шағын форматта меңгеруді жеңілдетеді. Құқық саласында Ерасыл Молдабек әзірлеген LawLay қосымшасы заңгерлерге кәсіби процестерін жылдам әрі тиімді атқаруға жәрдемдеседі. Ал Қанат Ернұр мен Ильяс Әбдіқадыр ұсынған IAI API Platform – Қазақстандағы алғашқы локальды жасанды интеллект платформасы. Оның басты мақсаты – студенттер мен әзірлеушілерге озық үлгідегі ЖИ модельдеріне қолжетімділік беру. Шара соңында Дархан Серікбаев құрылыс материалдарын өндірушілер мен сатып алушыларды біріктіретін Bmarket маркетплейсін таныстырды.
Кеш бойы қазылар алқасы жас кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият тыңдап, пайдалы кеңестерін айтты. Қазылар құрамында маркетинг маманы Асхат Әбдіраззақ, кәсіпкер әрі қаржыгер Нуржан Оналбаев, бэкенд-әзірлеуші Нұрхан Кенжебеков, IT-саласының маманы Айбек Оразбахов және продакт-маркетинг менеджері Амина Султанбекова болды. Олар стартапшыларға жобаларын жетілдіру жолдарын ұсынып, болашақта қандай қадамдар жасау керегіне назар аудартты.
Шара бейресми әрі еркін форматта өткендіктен, жас стартапшылар тек өз жобаларын таныстырып қана қоймай, пицца үстінде еркін әңгімелесіп, жаңа таныстар тапты. Кеш соңында қатысушылардың барлығына арнайы сертификаттар табысталды.
Pizza Pitch Қызылордада жастарды қолдаудың маңызды бастамасына айналып келеді. Бұл шара тек жаңа идеялар алаңы ғана емес, болашақ кәсіпкерлер үшін үлкен тәжірибе мектебі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының менеджері
Салтанат СЕЙТЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!