Осыдан жиырмашақты жыл бұрын қазіргі технология дамуын көзге елестетудің  өзі қиын еді. Алдағы дамуға болжам жасағандар көп ұзамай «Матрица» киносындағыдай кезеңде өмір сүретінімізді айта бастады. Фантастикалық фильмдегі кейбір дүниелердің орындала бастағанын көріп, шынымен сол уақыт жақын қалды ма деген ойда қаласыз.

Соңғы жылдары әлемді ізденісімен таңғалдырып келе жатқан Қытай компанияларында қызметкерлердің ми импульстерін бақылау барған сайын белең алып келеді. Униформаға орнатылған датчиктер эмоцияның өршуін тіркеп, ал жасанды интеллект олардың еңбек өнімділігіне әсерін белгілейді. Адамның миын басқаруға көшкендер осылайша миға билік етіп, оны өздері қалаған нәрсеге бағыттап отырады. Бұл кәдімгі зомби ғой. Біздіңше мәңгүрт.

Қожайынының қолайына жақпайтын эмоциялы адамға өндіріске әсері аз, елеусіздеу тапсырма беріледі. Мұндай көңіл-күй қайталана берсе, жаңағы адам үшін қызметте өсу мансабына да жол жабылады. Бұл өзі ібіліспен келісімге ұқсайтын құбылыс. Кез келген уақытта әлемнің қай түкпіріндегі жаңалықты біліп отыруға болатын смартфонды ұстаған сәттен бастап-ақ адам өмірінде құпия ешнәрсе қалмайды.

Адамның қозғалысы және келіссөздер, сатып алған заты мен фотосуреттер, жеке байланыстар және достар тізімі, іздеу жүйелеріндегі хат-хабарлар. Сіз туралы осындай деректі жұрттың бәрі көріп отырады. Ал  кімнің пиғылының қандай екенін бір Құдай біледі. «Желіге түскеннің бәрі оның ішінде мәңгі қалады. Қанша құпия ұстағыңыз келсе, жаңағы деректер сіз туралы білгісі келген адам үшін әркезде қолжетімді», – дейді Вконтакте желісінің техникалық директоры Александр Константинов.

Google, Youtube және Yandex-те біздің өтініштеріміздің тарихы сол күйінде тұр. Олардың ішінде не жоқ дейсіз, электрондық карталар, навигаторлар, такси қосымшалары, сапар маршруттары. Facebook әп-сәтте өз қолданушыларының екі миллиард фотосын «тани» алады.

 Смартфондағы геолокациялық конструкциялар параметрлерін ашқанда сізді өз банкіңіз, бірнеше дүкендер мен мейрамханалар, такси операторлары әлеуметтік желі бірден «көретінін» байқайсыз. Бұл роботтарға сіз іздеп отырған зат қажет емес, олар сіздің уақытыңыз бен ақшаңызға көз тігіп отыр. Смартфон теледидардың, компьютердің және әмиянның функцияларын қабылдағалы бері маркетологтар мен қаскөйлердің әрқайсысымыз туралы ақпарат жинау көзіне айналғанын ұмытпайық.

«Бұл соңғы 5 жылда қатты белең алды. Біздің гаджеттер интернетке қосылмаған бұрынғы кезде бұл қиындау еді, – деп жалғастырады Константинов. – Қазір телефондар мен ноутбуктер «көретін» және «тыңдайтын» қасиетке ие болған. Мұның бәрі сіз таңдаған құпиялылық параметрлеріне және жеке бағдарламаларға және сайттарға камера мен микрофонға кіруге байланысты.

 Сізде мынадай жағдай болды ма? Сіз біреумен бір зат туралы сөйлестіңіз, шамалы уақыттан соң смартфоныңызды ашқан уақытта сол заттың жарнамасын көресіз.

«Жарнамалық модульмен қосымшаны орнатсаңыз болды, ол деректерді үшінші тарапқа яғни бөтен кісілерге бере алады, – дейді Касперский зертханасының антивирустық сарапшысы Виктор Чебышев.

 Жақында New York Times басылымы тілшілері Facebook-тың он жылдан астам уақыт желі қолданушыларының жеке деректерін әлемнің алпауыт компанияларына беріп отырғанын анықтады. Apple, Samsung, Microsoft, BlackBerry компаниялары бұл жағдайды тұтыну тәжірибесін арттыруға жасалған қадам деп ақталған­мен жанжалдан бүкіл әлем хабардар болды.

Трамптың сайлауалды компаниясында да осындай жағдай орын алған еді. Ол кезде Cambridge Analytica компаниясы Facebook-тың 87 миллионға жуық пайдаланушыларының жеке ақпараттарын алған және оны сайлау науқаны кезінде жарнама ретінде қолданған. Осыдан кейін Facebook-тың акциясы бірден 13 млрд долларға дейін түсіп кеткен.

Осыдан 3 жыл бұрын Apple пайдаланушының көзін бақылау жүйесін әзірлеумен айналысатын компанияны сатып алды. Мақсат компьютер басқаратын тінтуірден құтылып, курсорды көз қарашығымен бақылауға адамды бейімдеу, дегенмен де мамандар бұл жаңалықтан кейін техниканың адам туралы дерек жинау мүмкіндігі арта түседі деп отыр.

Бүгінде интернетті белсенді қолданатын адам туралы деректер – мың беттен тұратын том кітап секілді. Желідегі ең құнды нәрсе де осы, егер шынайы әлемде журналдар мен газеттер сізге ақпарат сататын болса, онда виртуалды кеңістікте сіз туралы деректер саудасы жүріп жатыр. Бірақ сіз ол туралы білмейсіз.

Біздің смартфондарымыз – біздің құпияларымыздың «саудагері». Осы арқылы өзіміз жайлы деректерді алаяқтар қолына беріп қоямыз.

Мамандар бұл туралы зерттеу жасапты. Сонда «Яндекс-ті», «Wi-Fi-ды қалай бұзуға болады?» деген сауалға 48 миллион жауап бар, бұл «Wi-Fi-ды қалай қорғайды?» деген сауалға қарағанда 12 миллионға артық. Демек, цифрлық шабуылға деген сұраныс одан қорғануға қарағанда әлдеқайда жоғары болып тұр.

Америкада қаскүнемдер автокөлігінде отырып-ақ жеке үйлердің желілерін тексеріп, құпия сөзбен қорғалмағандарды тауып, оларға қосылған құрылғылардан несие карталары туралы мәліметтерді шығарып алатын көрінеді. Тіпті үй-жайды қадағалайтын «ақылды» теледидар арқылы да адамдарды аңду фактілері де тіркелген. Жай ұрлық болса бірсәрі, ядролық қауіп-қатерлерге қатысты құпиялардың қолды болғаны – қорқыныштың ең үлкені.

2008 жылы Stuxnet компьютерлік вирусы ирандық уран байыту зауытына шабуыл жасап, операторлардың компьютерлеріне барлық жүйенің штаттық жұмысы туралы деректер шығарылды, ал қондырғылар бірнеше рет шекті жылдамдыққа дейін ашылып, вирус базаны бұза алмады. Бірақ ядролық нысанды қашықтан басқару фактісінің өзі-ақ апокалиптикалық картиналарды елестетеді.

Бүгінде Google ғаламтор пайда болғанға дейінгі бүкіл адамзат өмірі туралы мәліметтер мен  көп деректерді өңдейді, және әр адам туралы деректер базасы «цифрға» көшірілгеннен кейін барлық жаңа егжей-тегжейлермен: салықтар, жылжымайтын мүлік, автомобильдер, шоттар мен айыппұлдар секілді деректермен толықтырады. Оларды бақылау камераларындағы бейнелер толықтыратын болады, оның ішінде бет-бейнесін тану мүмкіндігі барған сайын артып келеді. Таяу болашақта цифрлық өмірдің жағымсыз сәттерін өшіріп тастайтын кәсіби тазалаушылардың қызметі өте қажет болатын сияқты. Өйтпесе, әркімнің өмірінде құпия қалатын ештеңе болмайын деп тұр.

Аударған: Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!