Ойын-сауықтан бастап медицина, білім, ғылым мен бизнеске кеңінен тамырын жайған ақпараттық технологияларға сұраныс артуда. Жұмыс барысын оңтайландырып әрі автоматтандыруда таптырмас шешімдер ұсынылуда. Ал мұның барлығы, әрине біліктіліктің нәтижесі. Сыр өңірі де бұл салада өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан аймақ. Аймақтағы IT секторды дамытуға ниетті жастар көп.

Digital мен IT бағытындағы дамушы орта үшін жыл сайын байқау, хакатон мен іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Мәселен, биыл алтыншы рет облыстық «Hackathon Kyzylorda» өтеді. Байқаудың ережесі туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Т бекбаев баяндады.

− 17 мамырда өтетін EdTech Hackathon Kyzylorda облыстық байқауына білім саласындағы IT жобалар қабылданады. Мақсаты – стартап жобаларды, цифрлы шешімдер мен талантты мамандарды іздеу, ақпараттық технологиялар, инновациялық және стартап жобаларды дамыту. Үздік жобаларға 500 000 теңге көлеміндегі қаржы бөлінді. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталады, − деді Жанарыс Алтынбекұлы.

Хакатонда 16 35 жас аралығындағы жастар бақ сынайды. Топпен қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Жыл сайын қатысушылар саны да өсіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы республика күні қарсаңында өткен додаға 270 жас қатысып, 100-ге жуық жоба таныстырылса, былтыр 350 жас өтінім қалдырып, 120-ға жуық жоба қорғалған.

Спикердің айтуынша, биылғы сайыстың рөлі зор. Себебі осы жылдың өзінде хакатон 4 мәрте ұйымдастырылады. Сәйкесінше кезекті әр байқаудың өз бағыты болмақ.

− Дәстүрге айналған байқау жастар арасындағы бәсекелестікті шыңдай түсетініне сенімдімін. Ізденімпаз жастардың жаңашыл дүниелерін асыға күтеміз. Байқауға қатысу үшін www.kyzylordahub.kz сайтына кіріп өтінім бере аласыздар, − деді Ж.Түбекбаев.

Сыр өңірінде білімді жастардың, білікті болашақ мамандардың өсіп жатқаны анық. Бүгінгі буынның инновациялық жобалары IT салаға жаңа серпін мен жаңашылдық әкеледі деген ойдамыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!