Ұйымдастырушылардың шақыруымен Өнер орталығына табан тіреген сәт еді. Орталықтың үлкен есігінен өте бергенде телефонмен сөйлесіп тұрған бойжеткеннің: «Қатты қобалжып тұрмын. Іште адам көп, кіл мықтылар жүр» дегенін құлақ шалды. Иә, біз «Inno.Fest Qyzylorda – 2025» инновациялық жобалар байқауына бардық.
Қатысушының қорқынышы жөн екен. Расымен кірген бойда нағыз қарбалас жұмысты көрдік. Бос жүрген ешкім жоқ. Осыдан-ақ іс-шараның маңызы мен ауқымын байқадық. Оның үстіне биыл фестивальдің ұйымдастырылып жатқанына – 5 жыл.
Үлкен дәлізде арнайы көрме ұйымдастырылған. Онда робот күшік, футбол ойнайтын дрондар мен VR жобалар да қойылған. Ал дрондар жарысын тамашалаған соң концерт залына қарай жылжыдық. Бізді үлкен сахна, жарық пен жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнеролик күтіп алды.
Ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедияров қатысушыларға сәттілік тілеп, сөз сөйледі:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бізге жасанды интеллект технологиясын дамытатын, оны күнделікті өмірге енгізе алатын мамандардың жаңа буыны қажет. Жастар ІТ саласын, стартап мәдениетін, жасанды интеллект пен «Big Data» технологиясын меңгерсе, Қазақстанның болашағы мықты болады», − деп алдағы үш жылда еліміздің цифрлы мемлекетке айналуы керектігін атап өтті. Қызылорда экожүйесі дамыған, цифрлы мүмкіндіктері бар жаңа заманның жаңғырған қаласы ретінде жасанды интеллект жобаларын батыл енгізетін аймақтардың бірі болуы керек. Бұл бағытта цифрлық технологияларды дамытуға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді.
Шын мәнінде «Inno.Fest» – мүмкіндіктер алаңы. Бүгінде араларыңыздан жасанды интеллектіні жаңа деңгейге көтеретін, қазақстандық нейрожүйе жасайтын жас ғалымдар мен инноваторлар шығады деп сенеміз. Сондықтан өз идеяларыңызды нақты өнімге айналдырудан қорықпаңыздар! Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз! Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Әділхан Мерекеұлы.

Сонымен қатар цифрландыруға ерекше үлес қосып, ірі жобаларымен танылған IT компанияларға облыс әкімінің атынан «Үздік серіктес» номинациясы табысталды. Бишілер билеп сахнаны оятса, саксофон мен скрипка қатысушыларды ерекше жігерлендірді. Кейін «Inno.Fest Qyzylorda − 2023» фестивалінің жеңімпазы, «Cortex AI» стартапының негізін қалаған Асылжан Абдуллаев сөз сөйлеп, алғашқы жобаларына тоқталды. Ал фестивальдің спикерлерін, арнайы жұлдызды қонақтарын Жандос Оразмаханов таныстырды. Олардың қатарында Асқар Болат, Ғани Абадан, Жандос Оңалбеков, Тимур Бектұр, Джесу Ким, Айдос Жұманазар, Дәурен Серғазин, Азамат Тұрсынбай мен Ғани Абдиев бар. Міне, қонақтарды таныстырып, ережелерді түсіндіріп болған соң, әр бағыт бойынша бөлінетін уақыт та келді. Ал осы аралықта спикерлермен әңгімелесудің сәті түсті.
Актер, режиссер Дәурен Серғазин: «Мұндай іс-шараға қонақ ретінде алғаш рет қатысып жатырмын. Таңертеңнен бастап түрлі жобамен, студенттермен таныстым. Шыны керек, ІТ саладағы жетістіктері мен бастамаларын көріп жаным жылып қалды. Арнайы оқу орындарының ашылғаны да қуантады. Өзім білмейтін біршама дүниені кішкентай балалардың арқасында біліп жатырмын. Фестиваль өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылған деп айта аламын».
«Eduser» компаниясының бас директоры, кәсіпкер Айдос Жұманазар: «Бұрындары арамызда роботтар жүреді деп айтса, тек әңгіме ретінде қабылдайтынбыз. Ал қазір дәл сол роботтар жанымызда жүр. Оларды біздің жастар, студенттер жасап жатыр».
Бақ сынауға 1600-ге жуық жас тіркелсе, жалпы есепте 250 команда қатысқалы жатыр екен. Елестетіңізші, байқауға тіркелу үшін Өнер орталығына 1600 қатысушы келді. Бұл аймақ жастарының белсенділігі мен дамуға деген құлшынысты көрсетеді. Расымен қуантарлық жайт. Ал ерекшелігі – облыс деңгейінде ұйымдастырылған инноваторлар додасына Қызылордадан бөлек, Астана, Алматы, Жезқазған, Түркістан, Шымкент, Ақтау, Тараз қалаларынан қатысушылар келген. Міне, нәтиже!

Айта кеткен жөн, «Inno.Fest Qyzylorda» ережесі бойынша қатысушылар «Software Dev», «AI», «Movies & video» бағытына бөлініп, 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін ІТ саласында жоба жасау қажет. Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді шығару. Әр бағытқа тоқталсақ, «Software Development» код жазуға бейім жастарға арналған. Яғни қатысушылар берілген тапсырма негізінде IT-әзірлеме жасайды. Ал «Artificial Intelligence» бағытындағылар кейстерді шешу арқылы ЖИ құралдарын әзірлесе, «Movies & Video»-да қатысушылар 2 минуттық қысқаметражды бейнеролик түсіріп, өз идеясын бейнелеу арқылы көрсетеді.
Келесі нүкте сол жағалаудағы Оқушылар сарайы. Мұнда «Movies & video» бағыты өтеді. Қатысушылар мен спикерлер жиналып, түрлі сауал мен жауап айтылды. Әр жастың ойы ортаға салынды. Өте мықты коммуникацияның куәгері болдық. Дәл осы сәтте «AI» қатысушылары Болашақ университетіне жиналса, «Software Dev»-тің жастары ІТ паркті жаулады. Осылайша сол жағалау нағыз инноваторлардың алаңына айналды. Тапсырма берілді, уақыт кетті. Енді тек дедлайнға үлгеріп, жобаңды таныстыру ғана қалды. Кеш те батты, астың уақыты жақындады. Бірақ қатысушылардың тамаққа бет бұрғысы жоқ. Алғашқы күн осылай өтті.
8 қараша. Таң. Біз де диктофонды қолға алып, қатысушыларға беттедік. «Фестиваль өте жоғары деңгейде өтіп жатыр», «Спикерлердің тренингі қатты ұнады. Тәжірибе жинауға, дамуға, әрі қарай жұмыс істеуге үлкен серпін берді», − деген пікірлер айтылды. Ал Нұрбол Хамитов байқауға қатысуға 5 оқушысымен Қармақшы ауданынан келген екен. «Оқушыларым «Кино және видео» бағытына қатысып жатыр. Мүмкіндігімізді көрсетіп, үздік екенімізді дәлелдегіміз келеді», − деді ол. Қазалыдан келген кішкентай қатысушы Серік те жеңімпаз атанатынына сенімді екенін айтып, әрі қарай жұмысын жалғастырды.
Дедлайн уақыты келді, жоба қорғау басталды. Ортаға кезекпен қатысушылар шыға бастады. Бірі қолындағы планшетті бір сәтке ысырып, терең тыныс алды да, қазылар алқасына қарады. «Менің жобам…» деген сәл қобалжыған дауысы залды бір сәт үнсіздікке бөледі. Ал сыртта кезегін күтіп тұрғандар да демін ішке тартып, әр сөзді, әр қимылды байқап отыр. Міне, дәл осы сәтте мұның тек байқау емес, әр қатысушының еңбегінің, талант пен жігердің көрінісі екенін түсінесіз.

Барлық жоба қорғалды. Қазылар алқасы шешім шығарып, марапаттау рәсімі басталды. Қатысушылардың көзінде үміт пен қобалжу, ал көрермендерде қызығушылық бар еді. Жеңімпаз командалар сахнаға шығып, марапаттарын алған сәтте түрлі эмоцияға куә болдық. Қолына сертификат ұстап, қуаныштан жылағандарға қарап, құдды өзіміз жеңімпаз атанғандай сезіндік.
Фестиваль аясында 9 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 5400000 теңгені құрайтын сыйақы үлестірілді. Әр жеңімпаз командаға І орын − 1000000 теңге, II орын − 500000 теңге, ал ІІІ орын иеленгендерге 300000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды. Бұл тек қаржылай сыйлық емес, олардың идеясы мен еңбегінің танылуы, алдағы үлкен жетістіктерге алғашқы қадам еді.
Мұнан бөлек, Халықаралық IT университеті, Ашық университеті, Болашақ университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранттары берілді. Ал 6 жастағы Жазира Сағыноваға «Ең жас қатысушы», Айжан Жұмаділдаеваға «Үздік рилс» , Нұрислам Өтегеновке «Үздік обзор» номинациясы мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Оқушы да, жасөспірім де, студент те бақ сынаған алаңда ешкімнің ұтылмағанын айтқымыз келеді. Сыйақы немесе білім грантын алмаған күннің өзінде де әр қатысушы жобасын жүзеге асырды, білікті мамандардан кеңес алды, қорқынышын жеңді. Ең бастысы − болашаққа бір қадам жасады.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!