Қызылорда өңірінде стартаптарды қолдау мен IT саласын дамытуға бағытталған бірқатар жаңа бағдарлама іске асады. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратын алаңында Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Тубекбаев мәлімдеді.

Олардың бірі – Startup Joly. Бұл бағдарлама технологиялық кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан 16 жастан асқан барлық қатысушыға арналады. Бағдарлама аясында жобалар идеядан бастап MVP деңгейіне дейін дамытылады.


Ал Startup Orda (инкубация) – екі айға созылатын бағдарлама. Ол MVP сатысындағы жобаларды нарықтағы алғашқы сатылымға дейін жеткізуді көздейді. Қатысушылар 10 апта бойы семинарлардан өтіп, трекерлердің тегін консультациялық көмегіне ие болады. Үздік жобалар республикалық венчурлық қорлар алдында инвестиция тарту мүмкіндігіне қол жеткізеді. Аталған бағдарлама Astana Hub халықаралық технопаркінің жетекшілігімен еліміздің барлық өңірінде жүзеге асады.

Бұдан бөлек, өңірде төрт мәрте хакатон өткізу жоспарланып отыр. Хакатондар аясында жергілікті кәсіпорындар мен мекемелерге қажетті IT және жасанды интеллект шешімдері әзірленеді.

Сондай-ақ, өңірлік IT компаниялар мен фрилансерлерге арналған «HUB TASKS» платформасы іске қосылады. Платформа арқылы кәсіпорындар өздерінің технологиялық тапсырмаларын жариялап, өңірдегі үздік әзірлеушілермен тікелей жұмыс істей алады.

IT білім беру бағыты бойынша Tech Orda бағдарламасы жалғасып, жастарға еліміздің аккредиттелген жеке IT мектептерінде білім алуға гранттар ұсынылады. Сонымен қатар, Tomorrow School және TUMO School мектептерін ашу бағытында облыстық әкімдік пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қолдауымен жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетейік, өңірдің IT стартаптары мен компаниялары Astana Hub қатысушысы атанып, салықтық преференцияларға ие бола алады. Kyzylorda Hub ұсынатын барлық қызмет тегін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!