Экологиялық тұрақтылық пен экономикалық дамуға қатысты мәселелер бойынша инновациялық шешімдер әзірлеп, оң өзгерістер енгізуде жастардың рөлі ойсыраған емес. Осы қажеттілікті ескере отырып, ел аумағының түкпір-түкпіріндегі инноваторлар жаңа жобаларды іске асыруда.

Enactus ұйымы ұйымдас­тырған «Ұлттық кубок – 2024» байқауы – жас кәсіпкерлер үшін жаңа жобалар мен идеяларды көрсетуге арналған алаң. Рес­публика көлеміндегі іс-­шара жастардың дарыны, ынтасы мен жақсы нәтижеге деген ұмтылысының айнасына ай­налды. Өткен аптада, нақтырақ айтсақ 25­-26 сәуір күндері елорда төрінде өткен студенттік кәсіпкерліктің, стартаптар мен инновациялардың ұлттық кубогы өз мәресіне жетті.

Enactus Kazakhstan National Expo 2024

Enactus – кәсіпкерлік арқылы жақсы әлем құруды мақсат еткен студенттер, академиялық және бизнес көшбасшыларды біріктіретін халықаралық бағдарлама. Enactus Kazakhstan National Expo 2024 – Қазақстандағы Еnactus халықаралық бағдарламасына қатысушылардың жоба бойынша нәтижелерін саралайтын жыл сайынғы көрме. Іс-шара аясында демеуші компаниялардың көрмесі, бос орындар жәрмеңкесі, іскерлік кездесулер, питчинг және қатысушыларға арналған арнайы байқаулар ұйымдастырылды. Ең бастысы, әлемдік аренада бақ сынайтын команданы анықтау үшін Ұлттық кубок алаңы, дамудың бастапқы кезеңіндегі жобалар үшін ерте кезең лигасы, V республикалық оқушылар чемпионаты және колледж студенттері арасындағы байқау өтті. Екі күнге созылған толғаныс алаңында Enactus Қазақстан кубогының жеңімпаздары анықталды. Үздік көрсеткішке ие болған командалардың жобаларымен де таныстық. Жаңашылдыққа бет бұрған жастардың бағындырған белестері аз емес.

Жиынның ашылу салтанатында Enactus Kazakhstan президенті Альбина Меирбекқызы демеушілерге алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі сәт – көптен күткен оқиға. Мен үшін әрбір іс шара – талант пен шығармашылықтың жарқын алаңы. Біз талантты және мақсаты биік балаларға студенттік жылдардан бастап табысты мансап пен бизнес құруға мүмкіндік беретін тұтас әлеуметтік институтты құра алдық. 17 жыл қатарынан маңызды шараның ұйымдастырушысы болу құрметіне ие болдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Біздің басты қонағымыз, әрине, жігерлі жастар. Enactus National Expo көрмесі сіздер үшін, жарқын болашаққа құруға талпыныстарыңыз үшін өткізілуде, – деді Альбина Ержанова.

Жастар. Инновация. Даму

Байқауға кәсіпкерлер, демеушілер және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қолдау көрсетті. Атап айтсақ, ауқымды шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Дүйсенбайұлы, Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов, директорлар кеңесінің мүшесі Дархан Мыңбай арнайы қатысты.

– Еnactus – мектеп оқушылары мен студенттерді еркін кәсіпкерлікке тартуға арналған әлемдегі мүмкіндігі көп бағдарламалардың бірі. Бизнес пен саясаттың болашақ көшбасшылары мен талант иелерін жан-жақты қолдау өте маңызды, – дейді Райымбек Баталов.

Жобалар көрмесі

Байқаудың алғашқы күнінде арнайы көрме ұйымдастырылды. 14 пен 38 жас аралығындағы қатысушылар экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің инновациялық жолдарын ұсынды.

Медициналық қалдықтарды қайта өңдеу, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және халықтың денсаулығын сақтау мақсатында қолға алынған жобаның бірі – «Qaitawaste». Аталған жоба медициналық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған. Жоба авторларының айтуынша, медициналық қалдықтармен дұрыс жұмыс істемеу ауа, топырақ және судың ластануына әкеледі. Ал медициналық қалдықтар қайта өңдеуге немесе қайта пайдалануға болатын материалдарды қамтиды. Жобаны жүзеге асыру арқылы қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және экономикалық тиімділік пен тұрақты дамуға ықпал ететін қалдықтарды басқарудың жабық циклін құруға болады.

Бүгінде қой санының артуы жүн өңдеу өндірісін кеңейту қажеттілігін тудыруда. Ал мал жүніне келетін болсақ, 36 мың тонна жүннің тек 5 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Бірақ жүннің 43 пайызға жуығын өңдеу мүмкін емес. Сондықтан шаруа иелері өртеу әдісіне көшеді. Нәтижесінде мемлекет жыл сайын 3 миллиард теңгеден астам шығынға ұшырайды.Осы орайда көрмеде жүн өнімдеріне сұранысты арттыруға бағытталған жоба ұсынылды. «Wool» жобасы ауылдық аймақтарды урбанизациялауға әкеледі. Жоба аясында арнайы табиғи ингредиенттерден жасалған киіз сабын әзірленген. Сабында сонымен қатар, қан айналымын реттейтін және кірді жақсы кетіруге көмектесетін жүннің микробөлшектері қамтылған.

Қазақ тілі сұранысқа ие әрі трендке айналуда. Saran Jastary Enactus командасы қазақ тілінде тереңдетіп сабақ беретін, ұлттық құндылық пен тәрбиені тірек ететін білім беру және дамыту орталығын әзірлеуде. Мақсатты аудиториясы – ата-аналар, балалар мен оқытушылар.

Cтуденттерден бөлек, мектеп оқушылары да жобаларымен таныстырды. Мәселен, Астана қаласындағы №27 мектеп-лицейдің оқушылары «Smart umbrella» әзірлеген. «Ақылды» қолшатыр өсімдікті жауын-шашыннан қорғайды, пішініне немесе сырт келбетіне зақым келтірмейді, сонымен қатар дәрі-дәрмек бизнесін дамытады. Жоба экзотикалық жемістерді Қазақстанға әкелуге көмектеседі. Оқушылардың өнертабысы прототип сатысына дейін әзірленген. Қорапша тәріздес құрылғы өсімдік, жемістің үстіне орнатылады. Құрылғының сезгіш бөлігіне су тамшысы тиген сәтте автоматты түрде өсімдікті жабады. Су құрғағаннан кейін құрылғы қайты өз орнына келеді.

Мектеп оқушылары кәсіпкерлігінің V республикалық чемпионаты

Мектеп оқушылары арасында өткен чемпионатта 15 мектеп бойынша 22 команда бақ сынады. Сонымен қатар Enactus мектеп және студенттік кәсіпкерлік ұлттық кубогы аясында оқушыларға үш жоғары оқу орнының білім гранты табысталды.

Қатысушылар ауыл шаруашылығы, білім беру және экология мәселелерін шешуге бағытталған IT жобаларын ұсынды. Соның бірі – «KazAgroTech». КazAgroTech – зиянкестерге қарсы гербицидтерді дәл анықтауға және бүркуге арналған жасанды интеллектіге негізделген автономды инновациялық роботтар. Осы жоба аясында жұмыс істеген Астана қаласындағы Білім-инновациялық лицейі мектебінің оқушылары чемпион атанды. ІІ орынды Ақмола облысы, №6 орта мектебінің IQanat командасы иеленді. Үздік үштікке Астана халықаралық мектебінің командасы да қосылды. Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы Алматы энергетика және байланыс университетінің 6 грантын жеңіп алды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын №210 мектеп командасының капитаны Асылжан Абдуллаев жеңді. Білім грантын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің маманы, Enactus ұйымының координаторы Темірлан Нұрланұлы табыстады.

– Міне 2 күнге созылған ұлттық кубоктың да аяқталуына сәл қалды. Инновацияға ашық, өмір сапасын жақсарту үшін бизнес қағидаттарын пайдалана алатын кәсіпкерлік бағыттағы көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуде Enactus ұйымының атқаратын рөлі зор. Enactus – Қазақстандағы студенттер мен оқушылардың әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында белсенді білім алуына мүмкіндік беретін ауқымды бағдарлама. Бұл жай ғана практикалық алаң емес, нағыз майталмандардың алаңы. Мектеп оқушылары арасында өткен чемпионатта ерекше, ауқымды, креативті жобалар ұсынылды. Мектеп кезінен бастап осындай алаңда тәжірибе жинауға қызығушылығы бар жастардың көбейгеніне қуаныштымын, – деді Т.Абжанов.

Early Stage

Жобалар байқауының Early Stage кезеңіндегі жеңімпаздары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы «Asyl Zher» жобасын таныстырған. ІІ орынды «TrusTTravel» және «TestKenes» атты туристік және емтиханға дайындық алаңдарына бағытталған жобаларымен Алматы қаласы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті командасы жеңді. ІІІ орынды Павлодар қаласы Марғұлан университетіні командасының «The Blackson Investigation» жобасы жеңіп алды..

– «Асыл жер» жобасы – тыңайтқыштың инновациялық түрін және өсімдіктердің өсу стимуляторын жасауға бағытталған. Жобаның ерекшелігі – топырақ құнарлығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға тигізетін кері әсермен күресетін тыңайтқыштардың 2 кезеңді өндірісінің болуы. Миссиясы – агрошаруашылықтың қажеттіліктері үшін экологиялық таза өсу стимуляторларын тұрақты жеткізу, өнімділікті арттыру, – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасының төрағасы.

WorldCup

Байқауға дейінгі дайындық кезеңі мен іс-шараға қатысқандардың жалпы саны 7 мыңнан асты. Іріктеу кезеңінде 1200-ге жуық қатысушы командалық және жеке өтінімдерін жолдаған. 141 команда қазылар алқасына жобаларын таныстырды. Жалпы 202 команда өтінім берсе, 141 команда пре-скриннингтен өткен. Ал ұлттық кубокта 20 өңірден 86 команда қатысты. 42 жоғары оқу орны, 22 колледж, 15 мектептен 22 команда бақ сынады.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ел чемпионы атанып, Қазақстанның Астана қаласында 2-4 қазанда өтетін EnactusWorldCup 2024 турниріне Қазақстан атынан қатысу құқығын жеңді. ІІ орынға Талдықорған қаласындағы Жансүгіров атындағы колледж командасы тұрақтады. Үшінші орынды Астана медицина университеті командасының «Well Nation» жобасы жеңіп алды.

– Біздің команда жеңіс үшін аянбай тер төкті. Еңбегіміздің ақталғанына қуаныштымыз. Қолдау үшін барлық Enactus командаларына рақмет! Біз алдағы EnactusWorldCup турнирінде елімізге жеңіс әкелу үшін бар күшімізді саламыз! – деді команда капитаны Асқар Рахым.

Enactus Kazakhstan National Expo 2024 жыл сайынғы мектеп және студенттік кәсіпкерліктің Ұлттық кубогында жүгерінің жаңа сорты, медициналық жасанды интеллект, гербицидтерді анықтау және мақсатты түрде бүркуге арналған автономды робот, сонымен қатар CO2 лазерлік арамшөптерді жою және басқа жобалар ұсынылды.

Zhansugurov College командасы «Silk Route» жобасы аясында бірнеше бағытты қамтитын жоба әзірледі. Silk Route – төрт бағыттан тұратын көп арналы өнім, негізгі құрамы табиғи шунгит шикізаты. Шунгит – минералды тас, табиғатта жиі кездеспейді. Бұл шикізатты алдымен ауыл шаруашылығы секторы үшін 2500 гектар аумақта зиянкестерге қарсы құрал және тыңайтқыш ретінде пайдалануға болатын препарат ретінде іске асырған. Кейіннен су сүзгісі, сабын және аксессуарлар әзірлеген.

Astana Medical University командасы медицина саласына бағытталған «Health.AI» жасанды интеллекті, «Mavi» аутизмі бар балаларға арналған тьюторларды оқыту және «Alice» ағзаның физиологиялық функционалдығын қалпына келтіру орталығын ашқан.

Қызылордалық команда Ұлттық кубок байқауына екі жоба дайындаған. Алғашқы жоба күріш қауызынан жасалатын эко-отырғыштар. Бұл жоба аясында өңірдегі өткір мәселеге шешім ұсынылды. Жылына 100 тоннадан астам көлемде тасталатын күріш қалдықтары негізінен полигондарда өртеледі, бұл өз кезегінде адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Осы мәселені негізге алған команда күріш қауызынан отырғыштар жасауда. Бүгінге дейін 668 данасы сатылған. Ал екінші «Апа» жобасы аясында брендтік 105 шұлық, 58 қалпақ, 32 жакетті саудалаған. Сондай-ақ, EastKazakhstanTechnicalUniv ersity командасының әзірлеген жобасы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Ұлттық кубок кезеңінде қазылық еткен Ерлан Каримов әңгімелесу барысында байқаудың өте жақсы өткенін жеткізді.

– Биылғы байқау өте тартысты болды. Бірақ мен мектеп оқушыларын көре алмадым. Өткен жылы оқушылар чемпионатында керемет жобалар көрсетілді. Осы жылы мүлдем күтпеген командалар үздіктер қатарына енді. Бұл – мен үшін тосын жағдай. Келесі ұнағаны қазақ тілінде қорғалған пре- зентациялар көбейген. Бұл – жақсы тенденция. Енді қазылар алқаларына да қазақ тілінде сұрақ қоюға талпыну қажет, – деді академиялық кеңес мүшесі Ерлан Каримов.

Жастар. Инновация. Даму

20 өңірден жиналған үздіктердің арасынан жүлдегер атанған командаларды құттықтай отырып, сәттілік тілейміз! Себебі ендігі кезекте – әлемдік кубок. Enactus тарихында Лондон, Париж, Йоханнесбург, Бейжің, Вашингтон секілді ірі қалаларда әлем кубогы өткен. Ал биыл Қазақстан әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Ең үздік студенттік бизнес-жобалардың әлем кубогы алғаш рет ТМД елдерінде, атап айтқанда Қазақстанның елордасы Астанада өтеді.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!