Фото: Esquire.kz
5 желтоқсанда Алматы ресми түрде IQAir халықаралық швейцариялық компаниясының жүргізетін «Әлемдегі ең ластанған ірі қалалар» онлайн-рейтингіне енгізілді. Алғашқы күні Алматы ТОП-10 қатарына кіріп, 5-орынға шықты. Сол кезде қаладағы орташа AQI (ауаның сапасы индексі) көрсеткіші 169-ды құрады, бұл «денсаулыққа зиянды» деңгейдегі ластану болып саналады. Бұл туралы Almaty Air Initiative қоры жариялады, деп хабардайды “Адырна” ұлттық порталы.
Almaty Air Initiative қоры қаладағы ауаның сапасына байланысты мәселелермен айналысады.
Рейтингке әлемнің 120 ірі мегаполисі енгізілген және ол әр сағат сайын жаңартылып отырады. 2024 жылдың 6 желтоқсанындағы жағдай бойынша, сағат 13:00-де Алматы 24-орында тұр, AQI көрсеткіші 108-ді құрайды, бұл «сезімтал топтар үшін зиянды» дегенді білдіреді.
«Қалалар ауа сапасының индексі (AQI) бойынша бағаланады, ол мыңдаған мониторинг станцияларынан және сенсорлардан алынған деректер негізінде есептеледі. Бұл станциялар мемлекеттік ұйымдар, зерттеу институттары, ҮЕҰ, компаниялар мен еріктілер тарапынан басқарылады», – деп атап өтті қор өкілдері.
Рейтингте сондай-ақ ауаның жағдайына орман өрттері, биомассаны жағу, өнеркәсіптік қызмет, құмды дауылдар және ауа райы құбылыстары сияқты факторлардың әсері ерекше көрсетілген.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, 2024 жылдың 9 айында Қазақстан бойынша 477 мыңнан астам атмосфералық ауа үлгісінен 7 149 үлгісі, яғни 1,5%-ы рұқсат етілген ластаушы заттардың шекті концентрациясынан асып кеткен.
Алматы, Астана қалаларының және Абай облысының атмосфералық ауасындағы шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету республикалық орташа деңгейден жоғары болды.
Сонымен қатар, Астана, Алматы, Өскемен, Ақтөбе, Семей, Ақтау және басқа қалаларда ұсақ дисперсті қатты бөлшектер (шаң), РМ2,5, РМ10, көміртек оксиді, азот диоксиді, азот оксиді, озон сияқты ластаушы заттардың жоғары концентрацияларының әсерінен аурушаңдықтың өсу қаупі жоғары екені анықталған.
Алматының экологиялық жағдайы бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша, қала тұрғындарының әр алтыншысы экологиялық ахуалға байланысты басқа жерге көшу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады Almaty Air Initiative қоры.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!