Sputnik. Алматыда «Eco Almaty» ЖШС экологиялық талаптардың орындалуын бақылайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Eco Almaty» ЖШС – бұл толығымен мемлекеттік ұйым. Оның мамандары экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және полиция департаменттеріне көмектесіп, экологиялық нормаларды бұзу фактілерін анықтайды.

Eco Almaty бақылау жасайтын бағыттар:

  • жеке және қоғамдық көліктер;
  • коммерциялық және коммуналдық техника;
  • жылжымалы және стационарлық шығарындылар көздері;
  • қалдықтарды полигондарда жағу;
  • пиротехникалық бұйымдарды қолдану.

Ал заң бұзушылықтарды анықтау үшін стационарлық және жылжымалы экологиялық бекеттер пайдаланылады.

«Қалада барлығы 19 стационарлық және 4 жылжымалы бекет жұмыс істейді. Сонымен қатар көлік құралдарының шығарындыларындағы ластаушы заттардың шоғырлануын өлшейтін спектрометрлер, ал стационарлық шығарындылар көздерін бақылауға ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуы мүмкін», – дейді мамандар.

Осы шаралардың арқасында қаладағы ауа сапасын тиімді бақылауға және экологиялық талаптардың бұзылуына жедел әрекет етуге мүмкіндік болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!