Р.ОТАРБАЕВ, журналист
Арал теңізі – құмды, құрғақ климатты үстірт қыратқа орналасқан. Ол – ертедегі Сармат теңізінің бір бөлігі. 1950 жылы Арал теңізінің ұзындығы 426, ені 284 километр, ең терең жері 68 метр болды. Арал жер шарының 60 градустық ендігінде орналасқан. Теңіз суы сағат тілі іспетті, оңнан солға қарай оралып ағады. Қайнозой дәуірінің орта шенінде, яғни бұдан 21 миллион 1200 жыл бұрын, Арал Каспий теңізіне қосылып жатқан. Бұл байланыс 1573 жылға дейін созылған.
Бұрын Амудария (Оксус) Үзбой арнасы арқылы Каспи теңізіне, ал Торғай өзені Аралға құйған. Осы ғасырдың 950 жыл Ибн-Рустенның замандасы Масуди «Балық өзені келіп құятын Джейнухом (Амудария) Тармидь, Испиран сияқты бірнеше салаға бөлініп, бір тарауы Хорасанмен көп қамалға айырылатын Ховарезм (Қиат) қаласының төменгі жағымен Джоуджания (көне Үргеніш) жиегінде тұрған көлге құяды» деп жазған. Ғалымның көл деп отырғаны қазіргі Арал теңізі. Мұнан өзге де маңызды деректермен таныс болыңыз.
Бұдан 1800 жылдай бұрын өмір сүрген атақты грек оқымыстысы Клавдин Птолемей өзінің «Алмагест» (Ұлы құрылыс) деген шығармасында жер шарының 27 бөліктен тұратын картасын жазған. Оның 22-картасында Арал мен Каспий теңізі бейнеленген. Мұнда Зарафшан, Амудария (Оксус) өзендерінің Каспийге құйғаны көрсетілген.
* * *
Бұдан 62 000 жыл бұрын Амудария Ферғананың сайы арқылы Тянь-Шань тауынан басталған. Осы кезде жиһанкез Марко Полода бұған «Ион» деп ат берген. Ал Сырдария (Яксарт) мен қазіргі Бұхараоблысындағы Кулджик тауының шығысындағысайдың ізімен аққан.
* * *
Арал теңізінің терістік бетіндегі Саршығанақ, Ақеспе тұсынан 80 метр тереңдіктен Олигоцен уақытында өмір сүрген қызыл балықтын ірі ұлудың, киттің омыртқа сүйектері тасқа айнала бастаған күйінде табылды. Бұл кезінде теңіздің мұхитпен қосылып жатқанын көрсетеді.
* * *
Мезозой дәуірінде мұхит түбінде өмір сүрген фораменифер деген жәндіктің сыртқы қабыршағынан пайда болатын бор Арал теңізінің терістік жағындағы Ақкісіден табылып отыр.
* * *
Арал маңынан акуланың тісі мен сүйегі табылды.
* * *
Біздің дәуірімізге дейінгі 138 жылы Қытай үкіметінің елшісі Чжан-Кянь өзінің жазбаларында « Кан-гюй мемлекеті жарлы, жиексіз үлкен теңіздің жағасында жатыр. Бұл терістік теңізі» (Арал. Р. О.) деп жазған.
* * *
Арал теңізі осы атауды иеленгенге дейін түрліше аталған. Оны саяхатшылардың еңбектерінен жиі кездестіреміз. Мысалы 865 жылы Ибн-Хордатбек «Курдер» көлі десе, 243 жылғы Масуди «Курджани», 961 жылы Истахди «Казбин», 1339 жылы Хафизи «Абдуда» ХIII ғасырда Бекрон «Джентд» көлі деп жазған. Бүгінгі Арал деген атау негізінен XVII ғасырдан бергі жерде берілген.
* * *
Норманияның королы II Рожерді тапсыруы бойынша тарихшы араб Идириси 1154 жылы саяхат жасап, дүние жүзінің картасын жасаған. Бұл картада Сырдария (Шаш) Амударияға (Джейхун) құяды деп көрсетілген.
* * *
XI ғасырда жарық көрген «История Северных двор» деген кітапта біздің эрамызға дейінгі екінші ғасырдағы «Янцай» мемлекетінің тарихы жазылған. Онда «Янцай мемлекетіне бағынған алан халқы Сырдарияның төменгі құйылысында көшіп жүр» едік делінген.
* * *
Сырдарияға дейін құятын өзендер жайлы бірінші толық мағлұматты 1664-1665 жылдары голландиялық Николай Витсен жазған. Ол 1692 жылы жарыққа шыққан «Терістік және түстік Татария» деген еңбегінде Валин (Каспий) теңізінен Көк (Арал) теңізіне дейін 250 шақырым. Көк теңізге оңтүстіктен Буен (Шу) өзені құйып жатады» деп жазған.
* * *
Амударияның аяқ құйылысы мен Аралдың оңтүстігінде бұдан мың жыл бұрын балық аулана бастаған. Мұны арабтың саяхатшы-жазушысы Әл-Балхидің еңбектерінен айқын көреміз.
* * *
1740 жылы ағылшын Томсань «Амударияның аяқ құйылысында қарақалпақтар тұрады. Олар жағадан ұзамайтын қамыс қайықтарымен балық аулайды» деп естелік қалдырды.
* * *
1592 жылдарға дейін « Барсакелмес» аралының батыс беті құрылықпен бірігіп жатқан. Кейін теңіз суының көтерілуіне байланысты құрылықтан бөлініп қалған.
* * *
XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың бас кезінде теңіз суы деңгейінің төмендеуіне байланысты «Барсакелмес», «Қасқа құлан», «Көз жетпес», «Ұялы», «Бектау», «Возрождения» тәрізді аралдар пайда болған.
* * *
Арал теңізін саяхатшылар әр ғасырда картаға түсірумен болған. Атап айтсақ, 1658 жылы ағылшын Дженкинсон, 1664 жылы голландиялық Николай Витсен, 1723 жылы Далилия, 1734 жылы Крылов, 1741 жылы Муравин, 1834 жылы Лепшин. Теңіз табиғатын зерттеуде капитан Бутаков пен ұлы кобзарь Шевченко да көп еңбек сіңірген.
* * *
Бутаков бастаған экспедиция 1 ай бойы Райым қорғанында 2 кеме жасаған. Алғашқы кеменің капитаны Қаратеңіз морягі Мертового болды. Ал екіншісінің құрамындағы 27 кісінің бірі – Тарас Шевченко. «Возрождения» аралын 1848 жылы тұңғыш географиялық картаға түсірген Бутаков экспедициясы. Бір қызығы, 1846–50 жылдары Арал теңізінің деңгейі 1950 жылғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен жатқан. Өйткені Орынбор өлкесінің губернаторы Обручев кезінде Орынбордан Ақмешітке (Қызылорда) Түркістан мен Ташкентке баратын керуен жолы болған. Ол жол сол кезде Болдановка, Родиновский, Баймағамбет сайы, Белқопа, Қарабұтақ, Дауылсай, Ақбұлақ, Шет, Ырғыз, Талдықұм, Үлкен борсық құмы, Шегенді қара құдық, Сексеуіл арқылы Аралдың жиегін басып өткен. Арал қаласынан 17 шақырым жердегі бұл жол сүрлеуі 1960 жылдарға дейін су астында жатқан.Жаңадария 1819 жылдан, ал Қуандария 1823 жылдан бері Арал теңізіне құймайды. Теңіз 1870 жылдарға дейін Сарқамыс көлімен қосылып жатқан.
* * *
1848 жылы Сырдарияның аяқ құйылысына «Қосарал» порты генерал-губернатор Обручевтың ұсынысымен салынды. Осы жерде Тарас Григорьевич Шевченко екі жыл (1848-49) өмірін өткізді. «Қосарал» атты өлең жазды. «Қош, бишара Қосаралым. Жат өлкеде қартайдым мен» деп онымен мұндастым. Ақын бұл порттың суретін де салған.
* * *
1853 жылы Арал теңізінде тұңғыш рет пароход жүрді. Ол 1850 жылғы октябрь айындағы патшалық Россияның заказы бойынша Швецияның Мотол қаласында 49.347 сомға жасалған.
* * *
1886 жылы Аралдың оңтүстік бетінде А. Никольскийдың, ал солтүстік жағында академик Бергтың басқаруымен экспедиция ұйымдасып, балық байлығы жете зерттелді. Патшалық Россия осы мол олжаны игеру мақсатында 1950 жылы темір жол құрылысын салды. Осыдан кейін Астраханнан, Доннан, Қаратеңіз маңынан, Орталық Россиядан жеке балық аулаушылар келе бастады. Лапшин, Риткин, Красильников, Макеев секілді саудагерлер ірі-ірі балық кәсіпшііліктерін ашып, «Хива» атты акционерлік қоғам құрды.
* * *
1913 жылы Арал поселка атанған. Онда 1026 адам тұрған. Поволжье халқының басына ауыр күн туғанда көсем В. И. Ленин 1921 жылы 7 октябрьде: Арал балықшыларына хат жолдап, ашыққандарға көмек көрсетуін өтінген. Бөгендіктер телеграмманы алысымен 24 сағаттың ішінде 14 вагон балық жөнелтті. Арал балық зерттеу станциясы 1920 жылдан жұмыс істей бастады.
* * *
1925 жылы қазіргі Арал ауданында «Серіктестік» деген балық аулайтын ұйым құрылды. Ұйымның алтауы Арал жерінде, төртеуі Мойнақ маңында болды.
* * *
1928 жылы Арал теңізінің балықшыларының басын біріктіріп «Балықшылар одағы» құрылды. Басқарма председателі болып патша заманында жер ауып келген Дон казагі Дубовик (1897 – 1945) сайланды.
* * *
1928 жылы Арал аудан орталығы болды. Сол жылы кеме жасау заводы салынды.1930 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің арнайы қаулысымен Арал қала аталды.
* * *
1930 жылдан бастап профессор М.И.Ильиннің басқаруымен Мойнақ пен Арал қаласында консерві заводы салына бастады. Ол жылына 6 миллионнан астам консерві шығарды.
* * *
1932 жылы Арал ауданында 173 тұз өндіретін трест ұйымдастырылды. Ол жыл сайын орта есеппен 262 мың тонна өнім өндірді.
* * *
Аралда 1920 жылдан сульфат өндіріліп келді. 1946 жылы Отанға 123.880 тонна сульфат берді. Өнімнің сапалылығын жөнінен бұл елімізде бірінші орында.
* * *
1940 жылы профессор Г. В. Никольский Арал теңізіндегі балықтардың түрі мен олардың қандай тереңдікте жүретіндігі жөнінде арнайы карта жасады. Сол жобабойынша бекіре, жайын, ақбалық, шортан, сазан, тісті, шабақ, алабұға, қаяз, табан, торта, қызыл қанат, айнакөз, шомая ауланды. Бұл жылдары барлық ауланатын балықтың 26 процентін шабақ, 36 прцентін сазан құраған. Соғыс жылдарында Арал балықшылар 23 430 тонна сапалы балықты Отан қорғаушылар мен туысқан республикаларға жөнертті.
* * *
1946 жылы Арал теңізінен 234, 320 центнер балық ауланды. Солтүстік Аралда (Қазақстанда) 5 балық заводы,1 балық комбинаты, 45 балық қабылдау пункті болған. Ал оңтүстік Аралда (Қарақалпақ АССР – і) 5 балық заводы, 20-дан астам балық қабылдау пункті жұмыс істеді. Дәл осы жылы Арал қаласында шыны заводы салынды. Кезінде Арал портының пароходствосы арқылы Түрікменстанға баратын жүктің 25 проценті, Өзбекстанға жеткізілетін заттың 70 проценті тасылған.
* * *
1946 жылғы мәлімет бойынша Арал қаласында қазақ, орыс, әзірбайжан, неміс, латыш, поляк, молдаван, қалмақ, чуваш секілді 33 ұлттың өкілі тұрған.
* * *
1960 жылға дейін Арал қаласынан Нүкіс, Мойнақ, Шаржауға жолаушылар таситын кемелер жүріп тұрды.
* * *
Соңғы отыз жылда Аралдың кей тұсы 112 шақырымға дейін тартылып кетті. Теңіз табанынан ұшқан тұз Солтүстік Мұзды мұхитқа жеткен.
* * *
Теңіздің қазіргі көлемі 44,4 мың шаршы километр. Ғалымдар 2000 жылы теңіз үш есе кішірейіп, небәрі 25 мың шаршы километрге дейін азаяды деп есептеуде.
* * *
1956 жылы Амудария мен Сырдария Аралға жылына 56-58 текше километр су берген. 1970 жылдан бері Сырдария теңізге құймайды. Ал Амудария қазір теңізге 5-ақ текше километр су құяды.
Әр жылдары Амудария мен Сырдарияның бойынан Әндіжан, Тоқтағұл, Қайрақұм, Шардара су қоймалары салынды. Аралға құятын судың 70-75 проценті осы аталған су қоймаларында қалып қойып отыр. Арал теңізі жыл сайын 35 текше километр суды буландырып, жоғалтып отырады.
* * *
1970 жылға дейін Арал теңізінде балықтың 34 түрі есепке алынған. Аралдың екі жағындағы Қызылқұм мен Қарақұм теңізі құрап бірігетін болса, Гоби, Такламакан секілді ұшқан құстың қанатын күйдіретін шөлге айналады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!