Коллаж: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов, depositphotos.com

Арал теңізінің құрғаған табанын жасыл желекке айналдыру мақсатында соңғы үш жылда 6 миллиард теңгеден аса инвестиция салынды. Оның ішінде жартысынан астамы республикалық бюджет есебінен бөлінген. Бұл қаражат қажет техниканы сатып алуға және жаппай сексеуіл егуге бағытталған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Президент тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің түбіне 1,1 миллион гектар сексеуіл отырғызу тапсырылған. 2021 жылдан 2024 жылға дейін, яғни бүгінге дейін 413 мың гектар жерге сексеуіл егілді. Биыл 64 мың гектарға көшет отырғыздық», – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

Вице-министрдің айтуынша, егіліп жатқан көшеттер шөлге төзімді, яғни Арал теңізінің орнындағы жағдайға бейімделген деуге негіз бар. Айта кетейік, аталмыш шара экожүйені тұрақтандыруға әрі шаңды дауылды тоқтатуға бағытталған.

Экологтардың есебінше, бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал етеді. Қазір жобаны толық жүзеге асыру үшін ұлттық және ірі компаниялардың қаржысын тарту мәселесі қарастырылуда. Арал теңізінің түбінде жылына 3 миллион дана сексеуіл көшетін өсіретін тұқымбақ ашуды да жоспарлап отыр.

Ол өсімдіктердің сол ортаға толық бейімделіп, еш кедергісіз ұзақ тіршілік етуіне біршама сеп болады дейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!