Қазақстанның бас экологы 2020 жылға дейін теңіз табанының қанша мың гектар аумағының сексеуілмен толыққанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Экологиялық аймақтағы тұз бен құмның бөгде ел түгілі, өзге құрлықтың шекарасынан табылып жатқаны да баршаға аян. Сол себепті, мамандар мұның алдын алудың бірден-бір жолы әрі тиімді әдісі топырақтың типіне байланысты мелиорациялық екпелер егу екенін үнемі айтып келеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Арал теңізінің құрғаған табанына 2025 жылға дейін жалпы аумағы 1,1 миллион гектар жерге орман мелиорациялық екпелер егу міндетін шегелеп тапсырған-ды.
– Қазақстанның үлесіне Арал теңізінің құрғаған түбінің 2,8 млн гектары тиесілі. Арал теңізінің экологиялық апатының кері әсерін азайтудың ең қолайлы жолы – құрғаған түбіне орман өсіру, сол арқылы борпылдақ тұздың бетін бекітіп, құмның жылжуына тосқауыл қойылады. Ел тәуелсіздігінің басынан 2020 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде 195 мың гектар аумақта өсімдік отырғызу жұмыстары жүргізілді. Табиғи жолмен өскен ағаштарды қосқанда, жалпы орман алқабы 337 мың гектарды құрады. 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,1 млн гектар алқапқа сексеуіл егу жұмыстарын бастадық, – деген болатын министр Ерлан Нысанбаев.
Ал Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев бізбен әңгімесінде көз жетпес кең далаға айналған теңіз ұлтанын орманды алқапқа айналдыру үшін тынымсыз жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.
– Осыдан 60 жыл бұрын біздің әкелеріміз 60 метр тереңдіктен балық аулаған жерлердің қазір шаңын бұрқыратып көлікпен жүрміз. Аңқасы кепкен Аралдың ұлтаны бүгінде ұшы-қиыры жоқ шөл далаға айналды. Одан көтерілген тұзды шаң климаттық белдеуден әрі асып, мұзды өлкелердің маңайынан табылғаны жиі айтылып жатады. Сондай-ақ, құм көшкінінен жақын маңдағы ауылдарды құм басу қаупі бар. Осындай өзгерістерден тіршілікке келетін зиянның алдын алуда теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары жыл сайын қолға алынып келеді.
Өткен жылдың сәуір айында ауданымызға Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшісі арнайы іссапармен келді. Қонақтар Кіші Арал теңізін көріп, оған климаттық, экологиялық жағынан қарап, құмды алқапқа төзімді өсімдік түрлерін егуді және құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар мен қажетті қолдау шараларының бағытын айқындады.
Айталық, 2024 жылдың көктем айында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына барлығы 65 156 гектар жерге 19 531 000 дана қара сексеуіл көшеті отырғызылған. Күзгі санақ жүргізу барысында атқарылған жұмыстың шығымдылығы 26%-ды құраған. Күз мезгілінің қазан айында барлығы 13 250 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу (толықтыру) жұмыстары жүргізілді. Ал қараша-желтоқсан айында 50 000 гектар жерге 174 000 келі қарабарақ және 43 504 келі сексеуіл тұқымы механикалық тәсілмен себілді.
Жоспар бойынша осы жылдың көктем айларында 15000 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызу жұмыстары қолға алынуда. Күз айларында жұмысты қайта бастап, 85 000 гектар жерге тұқым себу жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар бойынша Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді ол.
Яғни, Арал мәселесіне әлем жұртшылығы назар аударуда деуге болады. Өйткені, Арал теңізінің тартылуы – жаһандық мәселе.
«Халықаралық Аралды құтқару қорының» мамандары теңіз ұлтанына көшет егудің пайдасы өте көп екенін айтып отыр. Сондай-ақ, сексеуілді алғашқы жылдары суғару арқылы көрсеткішті еселегенін жеткізді.
– Өз тәжірибемізде 2005 жылдан бері Арал теңізі ұлтанына сексеуіл егу жұмысын жүргізіп келеміз. Шынын айту керек, алғашқы жылдары жерді дұрыс таңдай алмау, уақытын білмеу, топырақтың, көшеттің сапасын дұрыс анықтамау секілді жайттар болды.
Бірте-бірте тәжірибе жинақтау арқылы, ғылыми зерттеу арқылы жақсы өсім көрсеткішіне қол жеткіздік. «Сексеуілге су керек емес, өзі өседі» деген пікір айтылғанымен, алғашқы 1-2 жылда судың қатты қажет екенін іс жүзінде дәлелдеп келеміз. Аз болса да, сапалы жұмыс жүргізуді мақсат тұтамыз, – дейді қор мамандары.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл екпелерін егу жұмыстарының іске асырылуы баяндалған-ды. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында, 2021 жылы Арал теңізінің құрғаған табанындағы су қоры жерлерінен 500 мың гектар жер Арал орман мекемесінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне қосылып, 2023 жылдан бастап Арал теңізінің құрғаған табанындағы жаңадан қосылған жерлерде орман мелиорациялық жұмыстар жүргізіле бастағаны айтылған.
Қорыта айтқанда, сексеуіл егу – құрғаған теңіз табанындағы құм мен тұздың шаң болып ұшуын тоқтату үшін атқарылып жатқан жұмыс. Жылына Арал теңізінен ауаға 100 миллион тоннадан астам тұз, шаң және құм ұшатыны анықталып отыр. Қазіргі күні климаттық жағдай өзгеріп, дауыл мен желдің жиілігі, күші тіпті артуда. Сол себепті, желмен тасымалданатын тұз бен шаң ел тұрғындарына, керек болса, әлем халқына айтарлықтай зиян келтіреді. Мұның алдын алмасқа болмайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!