Астаналық жылу желілері тарифті екі есе көбейтуді сұрап отыр. «Астана-Теплотранзит» АҚ өтінішінде жылу үшін тарифті шілдеден бастап 103%-ға көтеру туралы айтылған. Бұл жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазіргі уақытта елордадағы жылудың гигакалориясы үшін тариф 1200 теңге шамасында. Бұл баға 3 жыл бұрын белгіленген екен. Дегенмен жылу ұсынатын кәсіпорындар желіге жөндеу жүргізу керегін айтып, тарифті екі есеге өсіруді сұрап отыр. Олардың есебіне сәйкес жөндеу жұмыстарына 2 миллиард теңге қажет. 

«Біз қосымша 3 шара енгізіп, жылу трассасын 516 метрге ұзартамыз. Қазіргі уақытта қызметкерлердің орташа жалақысы 293 мың теңге. Біз жалақыны саладағы орташа мөлшерге, яғни 400 мың теңгеге дейін өсіруді ұсындық. Бұл мамандардың кетіп қалуы, білікті мамандар тапшылығы секілді мәселелерді шеше алады», – деді «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Мукин. 

Тарифтер бойынша халықаралық сарапшы Асхат Жапсарбай аймақтарда болған жылу орталықтарындағы апаттан кейін мұндай ұсыныстың орынсыз екенін айтады. Желінің тозуы жылу сапасын төмендетеді. Ал Астанадағы жылу желілерінің тозу деңгейі 53%-ға жеткен. Дей тұрғанымен тарифті бірден өсіру тұрғындардың қалтасына ауыр тиеді дейді. 

«Өтініште қызметкерлердің жалақысын өсіру мен қосымша жөндеу жұмыстары туралы айтылған. Жылу желілеріне толыққанды жөндеу жұмыстарын жүргізу орынды дер едім. Егер тарифті көтеру қажет дейтін болсақ, бізге сараланған тариф жүйесін дамыту секілді нұсқаларды да қарастыру керек. Себебі әлеуметтік осал топтар үшін тариф өспеуі қажет», – дейді сарапшы Асхат Жапсарбай. 

Монополист өз өтінішіне 53 миллиард теңгелік жеңілдетілген қарыз бойынша төлемді де қосыпты. Биыл «Нұрлы жол» несие бағдарламасы бойынша компания 1,5 миллиард теңге төлеуі керек. Сондай-ақ қарыздың шарттарын өзгертіп, төлеу мерзімін шегерген екен. Табиғи монополияларды реттеу департаментің қызметкерлері шешім қабылдауда мұны да ескеріпті. 

«Тарифті өсіру жылу желілерін жөндеуге арналған қосымша инвестиция, жалақыны арттыру, жергілікті атқарушы органның иелегіне өткен желіні ұстап тұруға арналған шығынның артуымен байланысты. Бүгінгі таңда жылу желілерін беру және бөлу бойынша тариф 20%-дан аспайды деп сеніммен айтуға болады», – деді Астана қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Қанат Құлназаров. 

Кәсіпорын тариф өсімі 30-35% шамасында болады деп есептеген. Сондықтан алдағы уақытта шығындардың бір бөлігін қысқартады немесе жаңа өтініш ұсына алады.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!