Фото: ЖИ
2024 жылдың алғашқы жартысындағы деректер Қазақстандағы экологиялық жағдайдың күрделенгенін көрсетеді. Елдегі 70 елді мекеннің ішінде 5 қала өте жоғары ауа ластану деңгейіне жеткен, су ресурстары да сын көтермейтін жағдайда. Тіпті кейбір су айдындарының тек өнеркәсіптік мақсаттарда ғана қолдануға жарамды екені анықталған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берген хатында баяндады.
Қазақстанның 5 бірдей қаласында ауа өте қатты ластанған
Министрлік мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан Республикасының атмосфералық ауасының сапасын бағалау қорытындысы бойынша елдегі бірқатар қалалардың экологиялық жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. 70 елді мекеннің ішінде 5 қала өте жоғары ластану деңгейіне, ал 21 елді мекен жоғары ластану деңгейіне жатқызылды. Бұл деректер экологиялық жағдайдың нашарлап бара жатқанын көрсетеді.
Ауа сапасы жақсырақ 16 елді мекеннің қатарына Көкшетау, Степногорск, Саран, Қордай және тағы басқа қалалар жатқызылған. Бұл аймақтарда экологиялық жағдай біршама жақсырақ екен.
28 қала мен елді мекен ластану деңгейі орташа деп танылыпты. Олардың ішінде Атырау, Ақтау, Шымкент, Жезқазған, Тараз сияқты ірі қалалар бар. Бұл аймақтарда атмосфералық ауаның сапасы салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, экологиялық мәселелер шешуді талап етеді.
Үшінші топқа ластану деңгейі жоғары деп танылған 21 қала кіреді екен. Бұл қалаларға Алматы, Өскемен, Теміртау, Балқаш, Орал, Риддер, Сәтбаев, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Түркістан және тағы басқа қалалар жатады. Ауаның ластануының жоғары деңгейі өндірістік кәсіпорындар мен автокөліктерден шығатын газдармен тығыз байланысты. Мысалы, Алматыдағы жоғары көлік тығыздығы ауаның сапасына айтарлықтай әсер етіпті.
2024 жылдың алғашқы алты айында ең ластанған қалалар Қарағанды, Астана, Талғар, Ақтөбе және Ақсай болып танылды. Бұл қалаларда ауаның ластану деңгейі өте жоғары деңгейге жеткен. Әсіресе Қарағанды мен Атырауда жағдай ерекше алаңдатарлық. Биыл Қарағандыда – 94 рет, Атырауда – 91 рет жоғары ластану оқиғасы тіркелген. Мұндай көрсеткіштер көбінесе өндірістік аймақтардың көптігімен және өнеркәсіптік шығарындылардың әсерімен байланысты, – делінген министрлік хабарламасында.
«Жайық, Есіл, Сырдария өзендері тек өнеркәсіпке жарайды»
Өкілетті органнан жер үсті сулар жайын да сұрастырдық. Министрлік жер үсті суларына бақылау 132 су нысанында жүргізілетінін жеткізді. Оның ішінде өзендер, көлдер, су қоймалары бар екен. Судың сапасы 60 көрсеткіш бойынша тексеріледі. Соның ішінде температура, ластану деңгейі және ауыр металдардың болуы сияқты критерийлер бар. Десе де, министрлік еліміздегі 3 үлкен өзен суының өте ауыр халде екенін айтты.
2024 жылдың алғашқы жартысында алынған су сапасы нәтижелері бойынша бірнеше санатқа бөлінді:
- Ең жақсы сапа – барлық мақсаттар үшін қолайлы су. Ертіс өзені (Павлодар облысы).
- Жақсы сапа – шаруашылық және өнеркәсіпке жарамды. Ертіс өзені (ШҚО).
- Орташа сапа – балық өсіру, суару және өнеркәсіп үшін жарамды. Талас, Аса, Шу, Іле өзендері.
- Төмен сапа – тек өнеркәсіпке жарамды. Жайық өзені (Атырау облысы), Есіл өзені (Ақмола облысы), Сырдария (Қызылорда облысы), – делінген хабарламада.
Жануарларды қорғауға қатысты әлі ұсыныстар түспеген
Министрлік бұл сұрақпен бірнеше органның айналысатынын жеткізді.
Қазақстанда жануарлар дүниесін қорғау, көбейту және пайдалануды бақылауды бірнеше орган жүзеге асырады, оның ішінде үкімет, жергілікті органдар және ғылыми мекемелер бар. Егер жануарлар саны азая бастаса, уәкілетті орган тиісті шаралар қабылдайды. Қазіргі уақытта сирек немесе жойылып бара жатқан жануарларды қорғау бойынша жаңа ұсыныстар түскен жоқ, – делінген хабарламада.
Дегенмен бұл жануарлар дүниесінде бәрі тамаша екенін білдірмейтіні анық. Ведомства жануарлар дүниесі жайлы тек ұсыныс түспегенін ғана жеткізді.
Министрлік ұсынған бұл деректер Қазақстандағы экологиялық жағдайдың ушығып келе жатқанын көрсетеді. Ауаның және судың ластануы тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, табиғи ресурстардың сапасын төмендетіп жатыр. Бұдан біз алдағы уақытта экологиялық проблемаларды шешу үшін мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылданып, тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру аса маңызды екенін аңғарамыз. Экологияның қорғалуын қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!