Фото: Баянауыл ұлттық паркі
KAZINFORM – Қос аққу Біржанкөлге келіп қонған. Өңірде әзірше өзен-көлдердің барлығы мұз құрсанып жатыр.
Баянауыл ұлттық табиғи паркінің директоры Аждар Жүсіпов Біржанкөлге аққулар келгенін хабарлады. Құстар сұңқылдақ аққу түріне жатады.
Қауырсын қанаттыларды біздің мекеменің инспекторлары байқаған. Сұңқылдақ аққулар елімізде кең тараған, көбіне республикамыздың Солтүстік, Орталық және Оңтүстік-Шығыс өңірлерінің қалың қамысты-қоғалы ірі көлдерін мекендейді. Біздің Баянауыл жерінде Қызыл кітапқа енген қиқылдақ аққу да кездеседі. Жалпы ұлттық парк аумағында қауырсын қанаттылардың 205 түрі бар болса, соның 9-ы Қызыл кітапқа енген, – дейді парк басшысы.
Қазіргі уақытта сұңқылдақ аққулар Біржанкөлге таудан құлап аққан суға шомылуда. Судың мұз үстіндегі көлемі көбейіп келеді. Баянауылда кешелі-бүгін ауа райы жыли түскен. Бүгін сынап бағанасы +5 градусқа дейін көтеріледі деп күтіліп отыр. Бұл парк аумағындағы Сабындыкөл, Жасыбай, Торайғыр, Біржанкөл көлдерінде қыстай қатқан мұздың тез арада жіпсуіне әкеледі.
Ал бұған дейін ұлттық парк қызметкерлері су айдындарындағы балықтарға оттегін жеткізу үшін мұзды ойып, аэрациялық шараларды жүргізген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!